Бір емес, бірнеше мәрте көтерілген мәселе бұл. Қазақ тілді мектептерде білім алушылар саны көбейіп, ата-аналар осының барлығы білім сапасына кері әсер ете ме алаңдап жатыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Өскемен бойынша 51 жалпы орта білім беру мектебі бар. Ата-аналардың көбі мұны жағымсыз статистика деп отыр. Шенеуніктер беймәлім бағытқа жұмсайтын мол қаржыны мектеп салуға бағыттауларын жөн санайды. Бұл ретте қала орталығында орын тепкен №35 орта мектеп талқыға түсті.
Білім басқармасындағылар қазіргі уақытта мұнда 1400-ге жуық оқушы бар екенін мәлімдеді. Көктемде берілген ақпаратта 1365 делінген. Дегенмен бұл мектеп әу баста 591 орынға шақталған. "Орын кемшілігі байқалады" деген ата-аналар мұның соңы білім сапасының шатқаяқтауына әкеледі деп уайымдап отыр.
"Қала орталығы болған соң көбі баласын осында әкеледі. Шеткері аудандардан келетіндері бар. Бұл дұрыс емес, балалар үшін өте ыңғайсыз. Осы мәселені көтеріп, мектеп басшылығына бірнеше рет бардым. Ішкі тәртібі сақталған, десе де білім бірінші орында тұруы керек. Мұнда балалар уақытты тиімді өткізулері үшін үйірмелер де жоқ. Оқушылар саны тез арада реттелуі керек", – деді Рахметхан Жұбанышов.
№35 орта мектеп 2009 жылға дейін аралас білім ошағы болған. Содан бері ата-аналардың көбі осы жақты қолайлы деп санап келеді. Маңайында Лев Гумилев атындағы №38 гимназиясы бар. Қала тұрғындары №35 орта мектепте оқушылар саны тым көп болуынан балаларын осы жаққа әкелуге мәжбүр. Бұл жақта орыс тілінде білім береді екен. Облыстық Білім басқармасы басшысының орынбасары Алима Ақылбекқызының сөзінше, Өскемендегі 51 мектептің 12-сі қазақ тілінде, 19-ы орыс тілінде білім берсе, қалған 20-сы аралас мектеп.
"Оқушылар санының артуын ескере отырып, оның ішінде ішкі көші-қонға, жаңа салынған тұрғын үйлердің халыққа берілуіне байланысты 28-ші тұрғын ауданында, "Нұрлы жол" ықшам ауданында және "Спорт кластері" шағын ауданында білім беру ұйымдарын салу қажеттілігі туындады", – деді жауапты тұлға.
Өскемен бойынша ең көп оқушы №46 орта мектебінде шоғырланған, 2000-нан асады. 2022 жылдың наурыз айында ұсынылған ақпаратта 1844 деп жазылды. Бір жылда 200-ден астам балаға көбейгенін байқасақ, мәселенің өзектілігі өздігінен көрінеді. 51 білім ошағын алсақ, соның 18-нде оқушылар саны 1000-нан асады. №35 мектеп директоры Анна Таимованың айтуынша, ата-аналар барлығына бекер алаңдайды.
"Қазіргі уақытта 1430 оқушы білім алып жатыр. Бірақ мұның білім сапасына кері әсер етеді дегеніне күмәнім бар. Ұстаздарымыз білікті, сапалы білім береді. Иә, оқушылар саны артқан. Бұның барлығы орнымен реттеліп отырады. Әр сыныпта шамамен 25 оқушыдан білім алуда" – деді білім ошағының басшысы.
Аталған мектеп директорының айтқаны Оралхан Бөкей атындағы №44 мектеп-лицей мұғалімдерінің сөзімен үндеседі.
"Өзім оқытатын сыныптарда орташа алғанда 25-26 бала оқиды. Пәндерді бөліп оқыған кезде кабинет тапшылығы байқалады. Өскеменнің әр түкпірінен баласын әкелетін ата-аналар да бар. Кейде кабинеттерге бөліп оқытамыз", – деді аты-жөнін өзгертіп беруді сұраған Марал есімді мұғалім.
Қысқасы, №35 мектеп директоры мен ата-аналардың айтқаны бір-бірімен қабыспады. Мәселе әлі бәз-баяғы. Соңғы ақпаратқа сүйенсек, жекеменшік мектептерді қосқанда, Өскеменде 44294 оқушы білім алуда. Осы жылдың наурыз айында 42869 деген сан жазулы тұрған еді. Сөйтіп, бір жылда қаладағы оқушылар саны 1425-ке артқанын көреміз.
Асыл Бигелді
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!