Әлеуметтік желі дамыған тұста бәрі дерлік курс сатқыш және курс сатып алғыш болып кеткені жасырын емес. Ішінде курстың бергені кәдеге жарарлығы да, халықтың сынына қалғаны да бар. Сондай-ақ, бұл қатарда арықтауды үйрететін курстан бастап, сурет-видеоға түсіруді үйрететін курстарға дейін бар. Massaget.kz тілшісі танымал блогерлер курстарын қаншаға бағалағанына шолу жасады.
"9 мыңнан басталады". Қыран Талапбектің курсы қанша тұрады?
Қыран Талапбек - танымал мобилограф. Ол бұл істі негізгі кәсібіне айналдырып алған. Тіпті Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бір сапарында мобилограф болды.
Ол осы саланы үйрететін курстарын сатып жүр әрі шәкірттерінің оқиғаларын жариялап, жарнамасын да жүргізіп отыр. Сондай-ақ, курстың ресми парақшасында бағалары да көрсетілген. Баға 9000 мыңнан басталады.
"MOBILEGRAPHY 1 - 8990 теңге, KYRANAVIRUS - 9 900 теңге, KYRANAVIRUS 2 - 9900 теңге, VIDEOGRAPHER PRO - 18 990 теңге, MOBILEGRAPHY 5 - 19 990 теңге, MOBILEGRAPHY 6 - 39 990 теңге, VIDEOMARKETOLOG - 102 000 теңге, жалпы 219 760 теңге", - делінген жазбада.
"450 мың теңгенің дауы". Блогер Жұлдыз Ақболаттың курсы қанша?
"Алматы" телеарнасының мәліметінше, блогер Жұлдыз Ақболаттан курс алып, қаржы саласындағы сауатын жетілдіреміз дегендер 450 мың теңге төлеген. Кейін бір топ адам полицияға арыз түсірген. Алайда олар келісімшартқа сәйкес сабақ толық өтпеген. Сондықтан олар ақшасын қайтаруды талап еткен. "Уәдесінде тұрмады" деген желеумен блогерді сотқа беруге дайынбыз дегендер де болған.
"600 мың теңге алып, осындай жиырма адамды алаяқтыққа апарды. Офлайн форматта сабақ өтеді деп, сабақ өтілмеген. Қаншама адам несие алды осы үшін. Бұндай алаяқтыққа жол бермеу керек", - деген болатын шағымданушы Ерке Тұрлы.
"500 мың теңге тұрады, офлайн сабағы. Негізі, 70 күн өтуі керек болатын. Бірақ 2 айға толмай, тоқтап қалды. Ешкім түсіндірген жоқ, сабақ неге тоқтап қалғанын. Ары қарай не болады?" - деген еді тағы бір шағымданушы Ғазиза Байдәулет.
Кейін олар Бостандық ауданының Полициясына арыз берген. Ал басы дауға қалған компанияның заңгері шағымданушы тараптың арызы орынсыз екенін айтқан.
"Табыс тапқан жоқпыз деп шағым айтып жатыр. Өздерінің тарапынан ол кісілер тапсырмаларды орындау керек болған. Компанияның атынан және Жұлдыз ханымның атынан барлық шарт орындалды. Сабақтың бәрі сайтта тұр. Сегіз модульдан тұрады", - дейді заңгер Салтанат Диханбаева.
Жұлдыз Ақболаттың ресми өкілінің сөзінше, екі жақты келісімшартқа сәйкес компания барлық қызметті көрсеткен.
"5000 теңге". Карина Оксукпаеваның марафоны қанша?
Танымал блогер Карина Оксукпаева да ақылы марафондар жүргізеді. Бұл марафон "Топим жир" деп аталады. Осы марафонға қатысқан алматылықтың (аты-жөнін атамауды сұрады) сөзінше, бұл бағдарламаны 5000 теңгеге сатып алған.
"Өздері мәзір жасап береді, арнайы жаттығулар жасайсың, куратор болады. Фотоесеп сұралады. Өзім тамақ істеуге жоқ адаммын, оның үстіне арнайы мәзірге сай тағамдарды дайындайтын құралдар қолымда болмады. Сондықтан басында істеп жүрдім де кейін тастап кеттім. Бірақ жаттығуларын жасап жүрдім. Өз салмағымды ұстап қалдым, қатты әсер етпеді, салмақ тастамадым ", - дейді ол.
Дәулеттеннің сабағы қанша тұрады?
Белгілі блогер, үй алу, қаржы сауаты мәселелері бойынша кеңес беріп жүрген Дәулет Мұқаевтың онлайн сабақтарының құны 7000 теңгеден басталады екен. Басқа да курстардың бағасын білу үшін парақшасында көрсетілген нөмірге жазып көрдік.
Баға 60 мың теңгеге дейін жетеді екен.
"Баспанаға бағыт" 10 000 теңге, "Отбасылық қаржылық сауат" 9000 теңге, "Жилстройға жина/жинама" 7000 теңге, "Акционер бол" 60 000 теңге", - делінген хабарламада.
"100 мыңға дейін". Айнұр Тұрсынбаева
Айтыскер ақын Айнұр Тұрсынбаеваның курстары да ақылы. Мәселен, оның Brilliant start курсы 15 мың теңге, Brilliant standart 45 мың теңге, Brilliant pro 55 мың теңге, Brilliant vip 65 мың теңге тұрса, Brilliant premium 100 мың теңгеден асады екен.
Айжұлдыз Адайбекованың курсы қанша?
Жанар Айжанованың қызы Айжұлдыз Адайбекова киім тігуді үйрететін курстар сатқан болатын. 2-3 жыл бұрын оның бағасы 15 мың көлемінде болған.
"Карантин кезінде, қателеспесем, екі пакетін 15 мың теңгеге алдым", - дейді курс сатып алғандардың бірі.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!