Алматыда Наурыз мерекесіне байланысты негізгі іс-шаралар 21 наурызда таңғы сағат 10:00-де шеруден басталады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі әкімдіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бұл шеру Алматы қаласының орталық көшелері - Абай және Абылай хан даңғылдарының бойымен өтіп, Төле би көшесіне дейін барады. Мерекелік іс-шараға 500 адам қатысады.
21 наурызда сағат 11:00-де "Астана" алаңында "Наурыз-думан" гала-концерті өтеді. Әртістер сахнада ұлттық және әлемдік музыкалық шығармаларды орындап, актерлердің және балалар ұжымдарының театрландырылған музыкалық қойылымы көрсетіледі.
22 наурыз күні сағат 17:00-де "Астана" алаңында жас орындаушылардың ZhuldyzdyAlmaty концерті өтеді.
21-22 наурыздағы мерекелік іс-шаралар кезінде қала тұрғындары мен қонақтарына 60 тонна наурыз көже мен бауырсақ таратылады.
18-24 наурыз аралығында Панфилов және Жібек Жолы көшелерінде Наурыз Fest іс-шарасы өтеді. Бұл күндері суретшілер мен қолөнершілердің көрмелері ұйымдастырылып, келушілер кілем тоқу, жібек пен керамиканы бояу, асыл тастарды кесу, былғарымен, ағашпен, шыны және сазбен жұмыс істеу технологиясымен таныса алады. Іс-шара аясында аниматорлардың қойылымдары, караоке, би флешмобы, конкурстар, эстрада жұлдыздарының жанды дауыстағы концерті, ұтыс ойындар және басқа да шаралар жоспарланып отыр.
Абылай хан даңғылы аумағында балалар алаңы орналасады. Бұл алаңда аниматорлар, цирк әртістері, қуыршақ театрының актерлері өнер көрсетеді және Мұрат Мұтырғановтың шоуы мен халық ертегілері кейіпкерлері қуыршақтарының қойылымдары болады. Сондай-ақ, бұл алаңда ойын фигуралары орнатылып, танымдық бағдарламалар, отбасылық және балалар ойындары, эстафеталар өтеді. Арбалардағы 10 арнайы сөреде және шатырларда қолөнершілер жәрмеңкесі мен қолданбалы өнер көрмелері ұйымдастырылады.
Төле би көшесі бойында Панфилов көшесінен Назарбаев даңғылына дейінгі аралықта спорт аймағы орналасады. Мұнда "Асық ату", "Жамбы ату", "Арқан тарту", "Қол күрес", "Қазақша күрес", "Көкпар тарту", "Тоғызқұмалақ" жарыстарын өткізу жоспарланған.
"Алатау" дәстүрлі өнер театры аумағында 21-23 наурыз аралығында әртістердің өнерін және "Наурыз-думан" театрландырылған спектаклін көрсету үшін арнайы сахна орнатылып, этноқалашық ұйымдастырылады. Мұнда қолөнершілердің көрмелері, шеберлік сыныптары, флэшмобтар, қуыршақтар шеруі, спорттық жарыстар өтеді.
Сонымен қатар, дәстүрлі түрде қаланың барлық ауданында 14-24 наурыз аралығында сағат 17:00-ден 20:00-ге дейін мерекелік іс-шаралар ұйымдастырылып, сахнада қазақ музыкалық фольклорының үздік шығармалары орындалады.
Әуезов ауданында "Наурыз-2023" мерекелік іс-шарасы 21 наурызда сағат 11:00-ден 18:00-ге дейін Әуезов ауданы әкімдігінің алдында өтеді (мекенжайы - Алтынсарин, 23). Қазақстандық эстрада жұлдыздарының концерттік бағдарламасы сол күні сағат 18:00-ден басталып, Әуезов ауданы әкімдігі алаңында сағат 20:00-ге дейін жалғасады.
Алатау ауданында мереке 22 наурызда сағат 11:00-ден 16:30-ға дейін "Алатау" дәстүрлі өнер театрының аумағында өтеді. Бостандық ауданында "Наурыз мейрамы" салтанатты іс-шарасы 21 наурызда сағат 12:00-ден 15:00-ге дейін Mega Center СОО амфитеатрында өтеді. Жетісу ауданында "Наурыз тойы - 2023" мерекесін 21 наурызда сағат 11:00-ден 17:00-ге дейін "Гүлдер" саябағында өткізу жоспарланып отыр.
Медеу ауданында концерттік бағдарлама 21 наурызда сағат 12:00-ден 15:00-ге дейін Ұлттық Ғылым академиясы алдында жоспарланған. Түрксіб ауданында "Наурыз мейрамы" мерекелік бағдарламасы 21 наурызда сағат 11:00-ден 17:00-ге дейін С.Сейфуллин атындағы саябақта өтеді.
Наурызбай ауданында "Наурыз той - 2023" концерті 22 наурызда сағат 11:00-ден 16:00-ге дейін Абай даңғылында (Алатау көшесінен Строительная көшесіне дейін) өтеді. Алмалы ауданында Наурыз мерекелік концерті 21 наурызда сағат 14:00-ден басталып, Mega Park СОО аумағында сағат 17:00-ге дейін жалғасады. Сонымен қатар, 21-23 наурыз аралығында қолөнершілер жәрмеңкесі ұйымдастырылады.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!