Желіде 60 мың теңгелік жаңа купюра көрсетілген видео тарады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"Жігіттер, жаңа ақшаны кім көрді? Жаңа Yokohama-дан қысқы дөңгелектер алып жатсам, осындай бір дана 60 мың теңге қайтарып тұр. Ыңғайлы екен", - делінген видеода.
Ұлттық банк баспасөз қызметі өкілдері Massaget.kz тілшісінің ресми сауалына жауап беріп, 60 000 теңгелік жаңа банкнотқа байланысты түсініктеме берді.
"Әлеуметтік желіде таралған номиналы 60 000 теңгелік жаңа банкноттың шығарылғаны туралы ақпарат шындыққа жанаспайды. Жаңа номиналдың шығарылуы ел экономикасының объектив қажеттіліктерімен байланысты болуы керек. Қазір мұндай қажеттілік жоқ. Сондықтан жаңа жоғары номинал шығару жоспарда жоқ.
Қазір мерейтойлық, естелік банкноттар мен монеталардың жоғары номиналы - 20 000 теңге", - делінген хабарламада.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!