- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- 60 концертте 100...
60 концертте 100 баспана: Үкімет көтермеген жүкті мойнына алған ұлт жанашырлары кімдер?
Еліміз ипотека қолжетімділігінің жаһандық рейтингінде әлемнің 111 елі арасында небәрі 71-орынға ие екен. Осы орайда жақында Сенат депутаты Дәурен Әділбеков халыққа қолжетімсіз ипотекалық бағдарламаларды сынға алған болатын.
«Мемлекеттік бағдарламалардың болуына қарамастан, тұрғындардың баспана сатып алуы қолжетімсіз күйінде қалып отыр. Ипотекалық бағдарламаның қолайлы шарттары өзектілігін жоғалтып жатыр», - деді сенатор Сенаттағы үкімет сағатында.
Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің Ұлттық статистика бюросы өкілі де биыл тұрғын үй нарығында баға өзгергенін хабарлады.
"Бір жылда (былтырғы және биылғы шілдені салыстырғанда) қолданыстағы пәтерлерді қайта сату бағасы - 26,4 пайызға, жаңа тұрғын үйлерді сату 19,6 пайызға өсті. Тұрғын үйді жалға алу төлемі былтырғымен салыстырғанда 20,8 пайызға артты", - делінген хабарламада.
"Сананы тұрмыс билейді" деген сөз бар. Жатар төсегі, ішер асы жоқ адам рухани өсу мен балаларына үздік білім беруді ойлай алмайды. Оның күн тәртібіндегі бірінші мәселесі балаларының жылы орны мен қарнының тоқтығы. Ұлтқа еңбек етер бір-бір тұлға тәрбиелеуге қауқары жетсе де, уақыты жоқ. Себебі соларды асырау жолында бірнеше жерде тынбай еңбектенеді. Егер баспанаға қол жеткізудің тиімді жолы болса, ешкім бұл мақсатта жұмыс істеуден аянбас еді. Өкінішті, әрине. Десе де, Үкіметтің көтермеген жүгін өз мойнына артып, көпбалалы, асыраушысынан айырылған шын мұқтаж отбасылардың жоғын жоқтап, қажетіне көмек қолын созып жүрген жандар бар. Олар үй алуға өз қалтасынан шығармаса да, қайырымдылық жасау жолын жүйелендіріп, әлеуметтік сатының ең осал тұсындағы азапты күн кешіп жатқан жанұяларға баспана сыйлап, игі іс жасап, үлгі боп жүр.
© otyrar.kz
Мәселен, блогер Рысбала Икрамбай жақында халыққа 40 үй тегін сыйлағанын мәлімдеді.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
«40 баспананың сәті. Үш балалы Жақсылық әкемізге халықтың сыйын табыстап, балаларды өз баспанасына кіргіздік! Үлкен жігіт 15 жаста, ортаншы қыз 8 жаста әлі сөйлемейді, байқасаңыздар тек ауызбен демалады. Кішкентай қыз жүрегіне жасалған отадан кейін тәубе жақсы. Балалардың денсаулығы үшін дұға жасап, тілектеріңізді арнап қойыңыздаршы, көптің тілегі қабыл!
Халқым қиын жағдайдағы жандардың қайғысын бөліп алып, қуаныш сыйлаған сіздерге рақмет!», - деп жазды ол instagram парақшасында.
© ernur.kz: Instagram
Ал, Харекет қоры «45 күнде – 45 баспана» жобасымен 772-кілттің баспанасын иесіне тапсырғанын хабарлады.
«Жеті балалы Қалиевтар отбасының көптен күткен армандары харекетшіл қауым сіздердің арқаларыңызда орындалды! 772-ші баспананың кілті Қалиевтар отбасына бұйырды! Қайырымды жандар, баршаңызға Алла разы болсын! Харекетшіл қауым, сауапты жарыстан құр қалмаңыздар», - деп жазды Өнер қырандары әлеуметтік желіге.
«Өнер қырандары» қарашадан бастап 2 ай ел аралап концерт береді: «Өнер көрсетуден бөлек, біз әр концертімізде баспана сыйлауға ниет етіп отырмыз. 60 күнде 100-ден астам концерт өткізсек, 100 баспана береміз. Халық бұған үйреніп қалған. Концерттің соңында кетпей, күтіп отырады. Қазақстан бойынша 7000 ерікті жұмыс істейді. Олар әр жердің баспанаға мұқтаж жандарын біледі. Біз сол бойынша әрекет етеміз. «Харекет» қайырымдылық қоры әр өңір әкімшілігі бойынша тізімдерді алып, аралайды. Іріктеп бізге жібереді. Біз оның ішінен тағы іріктеп, гастроль кезінде үй береміз,» -деді Мадияр Серікбаев.
А. Оралқызы