6 миллион теңге: колония басшысы сотталушыны алдап соққан

6 миллион теңге: колония басшысы сотталушыны алдап соққан

Степногорскідегі түзеу мекемесінің басшысы сотталды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Ақмола облыстық соттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Шенеунік алаяқтық жасады деп айыпталды.

"Түзеу мекемесінде жазасын өтеп жатқан сотталған Х. сотқа шартты түрде мерзімінен бұрын босату туралы өтініш берген. Мекеме бастығы Б., соттың қабылдайтын шешіміне ықпал ете алмайтынын біле тұра, сотталушыны 6 миллион теңгеге мәселесін оң шешуге көмек көрсете аламын деп алдаған. Сонымен қатар Б., егер Х. ақша бермесе, онда шартты түрде мерзімінен бұрын босатудан бас тартылады деп қорқытты. Сотталған құқық қорғау органдарына Б.-ның заңсыз талаптары туралы хабарлап, Б. ақшаны алып жатқанда ұсталды", - деп хабарлады соттың баспасөз қызметі.

Б-ның кінәсі оның мойындауымен, жәбірленушінің, куәгерлердің айғақтарымен, жасырын тергеу әрекеттерімен, Б-ны тінту бейнежазбасымен, мекеменің бейнебақылау камераларының жазбаларымен және істің басқа да материалдарымен дәлелденді.

"Жаза тағайындауда сот кінәсін мойындағанын, жасаған ісіне шын жүректен өкінгенін және Б-да жас балалардың болуын жеңілдететін мән-жайлар ретінде ескерді. Жәбірленушіге келтірілген залалды Б. тергеу барысында толық көлемде өтеген. Сот үкімімен Б-ға мемлекеттік қызметте лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айыра отырып, құқықбұзушылық жасау жолымен алынған ақша мемлекет кірісіне тәркіленіп, 7,5 еселенген мөлшерде (45 млн теңге) айыппұл тағайындалды", - делінген сот үкімінде.

Сот актісі заңды күшіне енген жоқ.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!

М. Лұқпан