Сот Лиза Пылаеваның өліміне қатысты атышулы істі прокуратураға қайтарды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.
Алматыда 6 жасар Лиза Пылаеваның жұмбақ өліміне қатысты атышулы іс бойынша алдын ала тыңдау өтті. Айыпталушы орындығында үш адам отыр: Ольга Шмакова (Лиза Пылаеваның тәтесі), Леонарда Рыжакова (Лиза Пылаеваның әжесі) және Уктаб Махмудов (қыздың денесін тапқан аула тазалаушы).
Сотта үш айыпталушының адвокаты, іс бойынша күдікті Леонарда Рыжакованың өзі де істі прокуратураға қайтаруды сұрады. Құқық қорғаушылар мен күдіктілер іспен толық танысқан жоқпыз деп отыр. Сондай-ақ марқұм қыздың әпкесінің адвокаты Шмакованың айтуынша, іс материалдарында сот-психологиялық сараптама жоқ.
Ал іске қатысы бар тағы бір адам, күдікті Уктаб Махмудов қылмыстық іс материалдары оның өзбек тілінде (сотталушының ана тілі - еск.) емле қателерімен берілгенін, соның салдарынан істің мәнін түсінбегенін айтты.
Бұл ретте марқұм Лиза Пылаеваның әкесі іспен толық танысып шыққанын айтты.
"Іс материалдарында күдіктілердің танысқаны туралы белгі, адвокаттардың қолы бар. Күдіктілердің өздері іспен танысудан жалтарған. Сот-психологиялық сараптамаға келсек, егер орган күдіктінің психологиялық жағдайына күмәнданса, оны тағайындауы мүмкін", - деді прокурорлар.
Сотта Лиза Пылаеваның өліміне қатысты қылмыстық іс 54 томнан тұратыны белгілі болды. Сот құқық қорғаушылар мен күдіктілердің істі прокуратураға қайтару туралы өтінішін қанағаттандырды.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!