Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты бөтеннің мүлкін алдау жолымен бірнеше рет жымқырып, алаяқтық жасады деп айыпталған (15 факт) Д-ға қатысты айыптау үкімін жариялады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Д. жұбайының жақын туыстарын, сондай-ақ басқа да таныстарын алдау арқылы Кореядан көлік құралдарын тиімді бағамен және Астана қаласында мемлекеттік бағдарлама бойынша пәтер сатып ала аламын деген сылтаумен 2023 жылғы желтоқсан мен 2024 жылғы тамыз аралығында жалпы сомасы 57 миллион теңгеден астам 15 жәбірленушінің ақшалай қаражатын бірнеше рет ұрлап кеткен.
Сотталушының кінәсі өзінің мойындауымен, жәбірленушілердің, куәгерлердің айғақтарымен, заттай дәлелдемелермен және қылмыстық іс материалдарымен дәлелденді.
Прокурор 6 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады. Сотталушы кінәні толық мойындады, қорғаушы тарап ең төменгі жаза тағайындауды сұрады.
ҚК 190-бабы 3-бөлігінің санкциясы 3 жылдан 7 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу немесе айыру түріндегі жазаны көздейді.
Сот шын жүректен өкінуін, кінәні мойындауын және жас баласының болуын қылмыстық жауаптылық пен жазаны жеңілдететін мән-жайлар ретінде таныды.
Сотталушының іс-әрекетіндегі қылмыстардың қауіпті түрде қайталануы ауырлататын мән-жай ретінде танылды.
Сот үкімімен Д. ҚК 190-бабы 3-бөлігінің 1, 4-тармақтары бойынша кінәлі деп танылып, жасалған қылмыстардың мән-жайларын, олардың ауырлығын, жәбірленушілерге келтірілген залалдардың өтелмеуін, жеңілдететін және ауырлататын мән-жайлардың болуын ескере отырып, сотталушыға 6 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Жәбірленушілердің азаматтық талап қоюлары қанағаттандырылды.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!