- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- 540 миллион теңге:...
540 миллион теңге: Шымкенттегі қираған көпір қайта салынатын болды
Шымкенттің Жаңаталап шағынауданындағы опырылған көпір қайта салынады. Ол үшін бюджеттен 540 миллион теңге бөлінбек. Бұл шешім ондағы төтенше жағдайға байланысты қабылданған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі otyrar.kz-ке сілтеме жасап.
Нысанды 4 күннен бері полицейлер бақылауға алған. Осыған байланысты қазір жергілікті тұрғындар айналма жолмен жүруге мәжбүр. Айтуларынша, қоғамдық көлік уақытша тоқтатылды. Сондықтан азаматтар таксиге көшкен. Алайда жол ақысы 3 мың теңгеге дейін өсіп кетіпті. Сонымен қатар төтенше жағдай болған күні ауыл көгілдір отыннан ажыратылған. Ал қазір қайта қалыпты жағдайда жұмыс істеп тұр.
"Біз қазір сыртқа шыға алмай қалдық. Осы жағдайдан соң такси қымбаттап кетті. "Бекжан", "Алаш" базар жаққа бару үшін 2-3 мың теңге сұрайды. Себебі айналып барып жатыр. Енді қашан қалыпқа келетіні белгісіз. 2 күннен асты әбігерге түсіп қалдық, газымыз да сөніп қалды. Бірақ 1 күннен кейін бірден қалпына келтірді", – дейді Жаңаталап шағынауданының биі Әбірашит Пашаев.
"Жағдай мүшкіл. Мына жерден не өте алмаймыз. Айналып жүруге уақыт көп кетеді. жолды ертерек бітіріп берсе екен. Ал көпірді баяғыдай қалпына келтірсе, тіптен жақсы болатын еді", - дейді Жаңаталап шағын ауданының тұрғыны Нұрәли Әбілмәжит.
Өткел 7 маусымға қараған түні жартылай опырылған. Белсенді азаматтар сол күні тұрғындардың көпшілігі көпірдің арғы бетінде қалып қойғанын айтады.
"Мен адамдар зардап шекпегеніне қуаныштымын. Төтенше жағдай болғанда осында едім. Жағдайды естіп әкімдік бірден келіп, тіпті әкім өз көлігімен тұрғындарды тасыды. Түн болып қалғандықтан төтеншеліктер үйімізге дейін алып жүрді. Барлығына ризамыз. Бұл да табиғи апат қой", - дейді Жаңаталап шағынауданының тұрғыны Бағира Салықбаева.
Мамандардың сөзінше, Жаңаталап ықшамауданындағы өткел 1974 жылдан бері жөндеу көрмеген, сондықтан жарамсыз деп танылған. Нысанның құлауына көктемде жауған жауын әсер етті дейді шенеуніктер. Ал қазір жергілікті кәсіпкер айналма жол салып жатыр. Ол бітсе, кәсіпкер жаңа көпір салуды бастамақ. Ол үшін бюджеттен 540 млн. теңге бөлу көзделіп отыр.
"1974 жылдан бері жөндеу жұмыстары жүргізілмеген. Яғни, бұл көпір ескі және пайдалануға жарамсыз деп саналады. Көпір салынған кезде аз халыққа арнап салынған. Яғни, бұл елді мекендердегі халық саны аз болды, қазір халық саны жыл сайын артып келеді, оған қоса көлік ағыны жыл сайын көбейіп барады. Сондықтан ол көпірге әсер етті. Енді барлық ескі элементтер бөлшектеліп, орнына жаңа көпір салынады. Бүгіннен бастап біз ескі көпір элементтерін бөлшектеуге кірісеміз, содан кейін барып жаңасын саламыз", – дейді Шымкент жолаушылар көлгі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Өмір Қалыбаев.
Құрылысты 4 айдан кейін қолданысқа беру жоспарда бар. Ал қоғамдық көлік көпірге дейін ғана жүріп жатыр. Одан әрі тұрғындар үйіне жаяу жетуге мәжбүр. Дегенмен мамандар бұл мәселе де бірер күнде шешіледі деп сендірді.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
М. Лұқпан