Ішкі істер министрлігі есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл бойынша жұмысты белсенді жалғастырып келеді. Екі өңірде есірткінің ірі партиялары тәркіленді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"Астанада полиция қызметкерлері жалдамалы пәтерде 35 жастағы есірткі жасырушыны ұстады. Жеке тінту барысында күдіктіден 350 орам және синтетикалық есірткі салынған екі үлкен полиэтилен пакет тәркіленді.
Сондай-ақ пәтерді тінту кезінде жасыруға дайындалған 1,5 мыңнан астам орам, салмағы бір жарым килограмм болатын 4 үлкен орам, 5 мыңнан астам zip-пакеттер, таразы мен есірткіні өлшеп орауға арналған құрылғылар тәркіленді. Ұсталған адамнан барлығы 6 келіден астам есірткі тәркіленді. Оның ішінде 4 келіден астамы мефедрон, 2 келі үнді марихуанасы және 8 грамм кокаин", - деді ІІМ есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитеті төрағасының орынбасары Қуандық Әлжанов.
Одан бөлек, Қарағандыда 53 жастағы ер адам ұсталды. Ол өз пәтерінің балконында 10 келіден астам гашиш сақтаған. Жүргізілген жұмыстың нәтижесінде заңсыз айналымға есірткі заттарының 35 мыңнан астам дозасы жіберілмеді. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Бұл қылмыстар үшін мүлкі тәркіленіп, 10 жылдан 15 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз