Астанада 51 азаматты 413 млн теңгеден аса сомаға алдаған алаяқтар сот алдында жауап береді. Бұл туралы қала прокуратурасы мәлімдеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Елордада ауқымды алаяқтық жасады деп айыпталған 7 адамнан тұратын ұйымдасқан қылмыстық топқа қатысты соталды тергеп-тексеру аяқталды.
Ұйымдасқан қылмыстық топ мүшелері 4 жыл бойы азаматтарды жеңілдетілген тұрғын үй бағдарламалары арқылы баспана алуға, тиімді шарттармен несие рәсімдеуге көмектесеміз деген желеумен алдап келген.
Күдіктілер кеңсе жалға алып, коммерциялық ұйымдар құрған, қызмет көрсету туралы шарттар жасап, кепілдік хаттар рәсімдеген.
Сонымен қатар, олар азаматтардың сеніміне кіру үшін мемлекеттік және квазимемлекеттік құрылымдарда ықпалды байланыстары бар екеніне сендірген.
Қылмыстық әрекет салдарынан 51 азамат зардап шегіп, жалпы материалдық залал 413 млн теңгеден асқан.
Айыпталушылардың әрекеті ҚР Қылмыстық кодексінің екі бабы бойынша (190-бап 4-бөлік - қылмыстық топ жасаған ірі және аса ірі мөлшердегі алаяқтық және 262-бап - ұйымдасқан топты құру, оған басшылық ету және оның қызметіне қатысу) сараланған.
Қылмыстық іс сотқа жолданды.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз