Сауда және интеграция министрлігі Сауда комитеті төрағасының орынбасары Ернұр Жәутіковтен Қазақстанда картоп бағасының күрт өсу себебін сұрады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі. Жәутіков Үкімет отырысынан кейін кулуарда қазіргі уақытта Қазақстандағы барлық супермаркеттерде картоп бар екенін айтты.
"Біз күн сайын картоптың бар-жоғына мониторинг жасаймыз. Тұрақтандыру қорларында шамамен 62 мың тонна картоп бар. Қазақстан бойынша орташа баға - 130 теңге, нақтырақ айтсақ, 129 теңге", - деді Ернұр Жәутіков.
Оның айтуынша, картоптың қымбаттауы дүкендерде емес, ауыл шаруашылығы өндірушілерінде орын алған.
"Бүгінде экспорттың артуы салдарынан ауыл шаруашылығы өндірушілерінде картоп көлемі болғанымен баға дәл солардың өзінде өскен. Сондықтан логистика мен сауда үстемесін қосқанда, қазір картоптың орташа бағасы Қазақстан бойынша 322 теңге деңгейінде", - деді шенеунік.
Журналистер одан соңғы рет қашан және қандай бағамен картоп сатып алғанын сұрады.
"Мен кеше супермаркетте болдым, 433 теңгеден сатып алдым. Ал 322 теңге - бұл Қазақстан бойынша орташа баға", - деп жауап берді ол.
Картоптың 500 теңгеден сатылып жатқанына қатысты ол мұндай бағаны "мейрамханалар пайдаланатын арнайы сұрып" деп түсіндірді.
Еске сала кетейік, Қазақстанның бірнеше өңірінде картоп бағасы айтарлықтай қымбаттаған. Ақтөбеде қаңтар айының басында бір келі картоп 200 теңгеден аспаған болса, соңғы аптада баға екі есеге өскен. Бірақ оның сапасы өте нашар: көптеген түйнектер бүлінген.
Картоптың негізгі өндіруші өңірі саналатын Жетісу облысында өнімнің сапасы жақсы болғанымен, бағасы 400 теңгеден асып кеткен. Павлодарда базарда үй картобының бір келісі 400 теңге, ал дүкендерде "екінші нан" 320 теңгеден сатылады. Павлодар маңындағы ауылдарда картоп 350 теңге.
Қызылордада павлодарлық картоптың бағасы - 360 теңге. Әлеуметтік дүкендерде жергілікті өнім 135 теңгеден сатылып жатыр. Шығыс Қазақстан облысында картоптың келісі 446 теңгеге дейін жеткен. Астанада ең қымбат картоп сатылады. Мұндағы таңдаулы картоптың бір келісі 455 теңге болса, кейбір сауда нүктелерінде өнім мүлде жоқ.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!