- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "500 мың долларға...
"500 мың долларға дейін бағаланған". Қате жасалған отадан арбаға таңылған шебер әлемді мойындатқан
Аягөздік Қалибек Айнажаров - ағаш бетіне ойып сурет салатын шебер. Картиналарының көбіне еуропалық өнертанушылар жоғары бағасын берген. Алайда дүниежүзін мойындатқан қазақ суретшісінің өнері елімізде ескерусіз қалып отыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі qazaqstan.tv-ға сілтеме жасап.
Қалибек Айнажаров бала кезінде қате жасалған ота салдарынан арбаға таңылған. Мамандығы фотосуретші болғанымен қырыққа қараған шағында ағашты ойып бейнелеуге ден қойған. Ұлттық дәстүр, төл өнер мен мәдениет тақырыбындағы туындыcы көп. Әрбір картинасы жоғары талғаммен орындалған, терең мағынаға ие.
2009 жылы суретші Мәскеуде өткен көрмеге туындыларын Қазақстан атынан апарып, үздік атанған. Кезінде Квентин Тарантино, Майкл Мэдсен, Майкл Дуглас, Эдриан Пол сынды өнер адамдары алған төсбелгіні иеленген. Есімі әлемдік дәрежедегі суретшілер тізімінде. Еуропалық сайттар әлі күнге оның картиналарын жаһандағы ең мықты туынды ретінде жариялап, мақалаға арқау етіп келеді.
"Әлемдік үлкен деңгейге көтерілдік. Дүниежүзі бәрі танығанмен өз еліңде ұлтан болғаның деп. Сол ішіңді тырнап күйдіреді. Енді не істейсің? Солай жазылған маңдайға", - дейді Қалибек Айнажаров.
Қазақстанда жақсы танымайтындықтан, оның шығармаларын телеарналар мен сайттар рұқсатсыз көрсетіп, жазушылар кітап мұқабаларына автордың есімін атамай бірнеше рет басқан. Суретші картиналарын әркім қолданып, пайда тауып жүргеніне налиды.
Өнер иесінің қазір 100-ден аса картинасы бар. Олардың дені әлемдік көрмелерге қойылып, өз бағасын иеленген. Алайда әлем мойындаса да, елімізде ешкім елемейтін бұл туындылар қазір суретшінің үйінде шаң басып тұр.
Шетелдік өнертанушылар Қалибек Айнажаровтың бірнеше картинасын 400-500 мың долларға дейін бағалапты. Бірақ суретшінің оны шекара асырып сатуға мүмкіндігі болмаған. Өңір басшылары оған "пәтер әперіп, шеберхана ашуға көмектесеміз" деп талай уәде берген. Бірақ айтқандары құр сөз күйінде қалған.
"Облыс әкімінің тапсырмасы бар. Біздің облыс орталығы Семей қаласында Арбатта апта сайын қолөнершілер мен суретшілердің көрме-жәрмеңкесін өткізуге. Бұл іс шараға да Қалибек Айнажаровқа ұсыныс жасап, мүмкіндігі болса, осы көрмеге алдырайық деген жоспар бар", - дейді Мәдениет басқармасының басшысы Айдар Ибраев.
Арбаға таңылған суретшінің Аягөзден алысқа шығуы да мұң. Сондықтан оның орталыққа көшіп, мәдени ортаға жақын болсам деген арманы бар.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова