Павлодар облысында ірі кәсіпорындарға электр қуатын жіберетін компания бағаны заңсыз көтергені анықталды. Осылайша, 500 миллионнан аса теңгені тұтынушыға қайтару жөнінде сот шешімі шықты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Шектеулі тарифтің жүзеге асырылуы бойынша мониторинг жүргізген өңірдің Экономикалық тергеу департаменті Екібастұздағы "Энергоуправления" ЖШС жасаған бірқатар қылмысты әшкерелеген.
"2019-2020 жылдар аралығында энергоберуші кәсіпорын Екібастұз аумағында тарифті заңсыз көтерген. Ол үшін 2,4 миллиард теңгеге электр жабдықтарын жөндедік деп екі фирманың атынан жалған есеп құжаттарын алған. Орындалмаған жұмыс үшін жалған құжат берген екі кәсіпкер сот үкімімен 2,9 және 3,6 жылға шартты түрде сотталды", - дейді Павлодар облыстық Экономикалық тергеу департаментінің тергеушісі Асылхан Асан.
Жалған құжат жасау арқылы монополист компания 500 миллион теңгеден артық пайда тапқан. "Энергоуправления" ЖШС сот шешіміне сай тұтынушы кәсіпорындарға осы соманы өтемақы ретінде қайтарады. Бірақ электр қуатын жеткізуші компания сот шешімімен келіспей апеллациялық шағым түсірген. Десе де арыз қанағаттандырылмаған.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!