Мәжіліс депутаты Дәулет Мұқаев елімізде 500 миллион теңгеге түсірілген киноны тек 325 адам тамашалағанын айтып, бюджет қаржысының тиімді жұмсалуына бақылауды күшейтуді ұсынды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Оның айтуынша, былтыр 17 маусымда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістанда өткен Ұлттық құрылтайда отандық кино саласын реформалауға тоқталған.
"Бірақ бұл саладағы айқай толастар емес. Кино түсіргісі келгендер көбейгенмен, олардың дені өз қаражатына түсіріп жатыр. Мемлекет тарапынан бөлінетін қаржының көбі "өз араларында" қалып жатқандай көрінеді. Өйткені Ұлттық киноны қолдау орталығының фильмдері не сұранысқа, не халық тарапынан қолдауға ие емес. Тіпті, халық қазынасындағы қаржыны миллиондап құмға құйып жатқандаймыз", - деді депутат.
Дәулет Мұқаев нақты мысалдар келтірді.
"2019-2023 жылдар аралығында отандық 100 фильмге шамамен 23 миллиард теңге бөлінген. Ең қызығы оның барлығы 100 пайыз игерілген. Есебі тапсырылып, кино түсірілген. Мысалы, Atlas Entertainment компаниясы түсірген отандық "Время патриотов" фильміне 1 миллиард теңге жұмсалса, оның кассалық жинағы небәрі - 10 миллион теңге. Бұл кеткен соманың 1 пайызы ғана. Satai film түсірген "Боксшы" фильміне 900 миллион теңге жұмсалса, кассалық жинақ небәрі - 25 миллион теңге. Фильмнің идеясы Олимпиада чемпионы Серік Сапиев туралы екенін білесіздер. Бірақ кино өте сапасыз әрі көрермендерге әсер сыйлай алмады. Сонымен қатар, "Медет фильм" түсірген "Лето 1941-го" отандық киносына 700 миллион теңге бөлінсе, оның 2 миллион теңгесі ғана қайтарылды. Бұл кеткен шығыннан 350 есе аз", - деді ол.
Сондай-ақ, депутат жарты миллиард теңге бөлінген фильмді тек 325 адам тамашалағанын айтты.
"Жизнь" фильміне 500 миллион теңге кетсе, небәрі 650 мың теңгесі қайтқан. Мысалы, орта есеппен кинотеатрлардағы билеттің бағасы 2000 теңге болса, онда бұл фильмді 325 адам көріпті-міс. Сонда сіз болып, біз болып "Жизнь" деген фильмге бюджеттен жарты миллиард кетіріп, 325 адам көру үшін ғана түсірдік пе?!" - деді ол.
Оның айтуынша, Қазақстан Тәуелсіздік алғаннан бері мемлекет қаржысына 600-ден аса фильм түсірілген. Оның ішінде өз-өзін ақтап, пайдаға шыққан фильм тек "Досмұқасан" ғана.
Осыған байланысты Дәулет Мұқаев министрге өз ұсынысын айтты.
"Аида Ғалымқызы, бүгінде әлемдік тәжірибеде кино экономиканың қозғаушы драйвері болып отыр. Сондықтан мемлекет тарапынан қаншама қаражатқа түсіріліп жатқан фильмдердің қызығын халық көруі қажет. Мемлекеттен қаржылық қолдау алуға үмітті киножобаларымен келген киногерлерді қолдаудың жан-жақты механизімін жетілдіру қажет", - деді депутат.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!