- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- 500 миллион желге...
500 миллион желге ұшты: Жетісу облысында саябақ қоқыс алаңына айналған
Жетісу облысында 500 миллион теңгеге абаттандырылған саябақтың қазіргі жағдайы адамшошырлық. Өйткені 20 гектар аумақты алып жатқан демалыс орны қараусыз қалған. Тал-терегі қурап, 4 жыл бұрын ғана салынған алаңдар шетінен қирап жатыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Almaty.tv телеарнасына сілтеме жасап.
Шашылған қоқыс, ит пен құстың өлексесі. Бұл – Ақсу ауданының орталығындағы қараусыз қалған саябақтың кейпі. Балалар ойнап, ауыл жастары серуендейді деп салынған саябақтың бүгінгі жағдайы тым мүшкіл. Қараусыз қалған демалыс орны маскүнемдердің тұрағына айналған.
"Кешке қарай ешкім шықпайды. Қорқады, маскүнем адамдар көп жүреді", – деді І. Жансүгіров ауылының тұрғыны Ерлік Үйсінбай.
"Қоқыс шашылып жатқан жерге ешкім барып отырмайды. Саябақта үлкен адамдарға демалатын орын, ал балаларға ойнайтын жер керек", – деді І. Жансүгіров ауылының тұрғыны Мейраш Әмірхамза.
Бұл –І. Жансүгіров ауылындағы жалғыз саябақ. Аумағы 19 гектар жер 2020 жылы абаттандырылған. Қазынадан бөлінген 500 миллион теңгеге баскетбол алаңы, хоккей корты салынып, спорт жабдықтары орнатылып, 300 түптей ағаш отырғызылған. Алайда қыруар қаржыға салынған алаң шетінен қирап, жасыл желек қазір қурап тұр.
"Демалыс орнына күрделі жөндеу жұмыстары жүрген кезде суару жүйесі салынды, сол кезде су тоқтап қалып, ағаштар қурады. Олардың орнына жас көшет отырғыздық. Жансүгіров ауылдық округіне бекітіліп берген 36 қоғамдық жұмысшы саябақты аптасына бір рет тазалап отырады. Окрукте 52 көше бар", – деді І.Жансүгіров ауылдық округі әкімінің орынбасары Сағи Бекболатов.
Орталық саябақ ауылдық әкімдіктің балансында. Оның тазалығымен санаулы ғана қоғамдық жұмысшы айналысады. Атшаптырым аумақты тиісті деңгейде ұстай алмаған шенеуніктер демалыс орнын сенімгерлік басқаруға бермекші. Алайда қызығушылық танытқан кәсіпкер жоқ.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!
С. Сатыбалдина