- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "500 данасын шығардым":...
"500 данасын шығардым": 10 жылын арнаған энергетика саласынан домбыра жасауға ауысқан шебер
Таразда екі жылда 500 домбыра жасаған шебер тұрады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "Хабар 24" телеарнасына сілтеме жасап.
Алмас Байжанов өз шеберханасын былтыр ғана ашқан. Енді шәкірт тәрбиелеп, ұлттық құндылықты ұлықтамақ. Ол екі жыл бұрын домбыра жасай бастаған. Алғашқыда қызығушылық туындап, кейін кәсібіне айналдырды. Сөйтіп 10 жылын арнаған энергетика саласынан қол үзіп, ұлттық аспапты жасауға ойысыпты. Ол бір жыл бұрын домбыра жасайтын шеберхана ашқан. Шағын несие алып құрылғы мен қажетті материал сатып алған. Мұнысын байқаған мықты шеберлер батасын беріпті.
"Маған қағаздарын беріп, бұрынғы қалған кісілерден ата-бабамыздан қалған домбыраның қыр-сыры туралы мәліметтерді маған берген болатын. Домбыраның бәрі кепкен ағаш болу керек. Пернелердің таза шығуы, беті тақтайымен үйлесуі (бәрінде - еск.) өзінің цифрлық кодтары бар. Кейде жақсы шығып кетеді. Кейде ұзақ шығады", - деді шебер.
Алмас домбыра жасауға қайың, жаңғақ пен қызыл ағашты қолданады. Олардан жасалған аспаптың даусы нақ әрі ашық шығады екен. Ал бетін қазақы ою-өрнекпен безендіреді. "Домбыра жасаудағы мақсатым - көп ақша табу емес, сапалы ұлттық аспап жасау", - дейді шебер.
"Жақсы домбыра шығу үшін жаның таза болу керек. Ниетің түзу болуы керек", - деді ол.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова