Желіде FlyArystan әуекомпаниясына қатысты тағы дау туды. Бұл жолы компания ұшу уақытын дұрыс хабарламаған. Massaget.kz тілшісі мәселенің мән-жайын анықтады.
Әлеуметтік желі қолданушыларының бірі FlyArystan әуекомпаниясымен Алматыдан Астанаға ұшуы керек еді. Алайда ұшақ кешігіп келетіндіктен, ұшу уақыты да ауысқаны туралы хабарлама келген. Ер адам әуежайда басқа уақыт көрсетіліп тұрғанын айтты.
"Әуежайға қоңырау шалдым. Уақыт ауысқанын айтты. "Бізге 10:55-деп хабарлама келді, сіздерде 09:25 деп тұр" дедім. Олар "онлайн табло кеш ауысады" деді. Жолда келе жатқанда ұшу уақыты 09:25-ке ауысты деген хабарлама келді", - деп жазды ол.
Ер адам ұшақтың ұшуына 1 минут қалғанда үлгерген. Оның айтуынша, бортта шамамен 10-15 пайыз адам болмаған.
Massaget.kz тілшісі бұл мәселеге қатысты Алматы әуежайы мен FlyArystan әуекомпаниясына сауал жолдады.
"Ұшақтар әртүрлі факторларға байланысты кешігеді. Мысалы, резервтегі ұшақтардың жетіспейтіні, техникалық ақаулар, ұшақтарды ауыстыру және т.б. Яғни, бұл - әуежайдың мүмкіндігінен тыс факторлар. Әуежай тарапынан рейстерге қызмет кезек бойынша көрсетіледі. Ал FlyArystan-мен болған жағдай бойынша, жолаушыларға хабарламаны әуе компания жібереді. Сонымен қатар, таблоға шығатын ақпаратты да әуе компания береді. Бұл рейс 9:05-тен 9:25-ке ауысқаны туралы ақпарат онлайн таблоға әуе компанияның хабарлауымен шықты. Ұшақ 10:08-де ұшты. Жолаушыға телефон арқылы берілген ақпарат дұрыс", - деп жауап берді Алматы әуежайының қызметкерлері.
FlyArystan әуекомпаниясы да бұл мәселеге қатысты пікір білдірді.
"Биыл 19 тамызда FlyArystan КC7053 Алматы-Астана рейсі бойынша ұшақ 09:05-тен 09:25-ке дейін кешігіп ұшқанын хабарлаймыз. Жолаушыларға рейсті 09:25-тен 10:55-ке ауыстыру туралы қате ескерту жіберуі жүйедегі қысқа мерзімді техникалық ақауға байланысты болды. FlyArystan қолайсыздықтар үшін кешірім сұрайды", - делінген хабарламада.
Компания мәліметінше, бұл рейске кешіккендер қаржыны қайтара алады немесе келесі рейстерді қайта брондай алады.
"Кешіккен жолаушыларға өтемақы ретінде әуекомпания билеттеріне 50 мың теңге сомасында ваучерлер ұсынылады. Қазір әуекомпания байланыс орталығының қызметкерлері жолаушылармен байланысып жатыр", - деді компания қызметкерлері.
Алайда FlyArystan әуекомпаниясы осы ақауға немесе қателікке байланысты қандай да бір шара қолданылатыны туралы ақпарат берген жоқ. Компанияда ұшақ кешігуіне қатысты қандай шара жасалатыны да белгісіз.
Еске салайық, жақында танымал журналист Ләйлә Сұлтанқызы FlyArystan әуекомпаниясының рейсінде қабағын жарып алғаннан кейін компанияға шағым түсірген болатын. Кейін Азаматтық авиация комитеті әуекомпанияға қатысты тексеріс жүргізілетінін айтты.
Бұған дейін қазақстандық әйел FlyArystan әуекомпаниясына шағымданып, жазба жариялады. Ол компания қызметкерлерінің шешімімен 12 жастағы қызы Астанадағы трансферде жалғыз қалғанын айтқан еді.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!