Көкшетау полицейлері қылмыстық істі жабуға уәде бергені үшін 50 мың доллар көлемінде пара алды деген күдікке ілінді, - деп хабарлайды Massaget.kz Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет агенттігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
"Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Көкшетау қаласы Полиция басқармасының лауазымды тұлғаларына қатысты басқа орган жүргізген қылмыстық істі тоқтатқаны үшін кәсіпкерден 50 мың АҚШ доллары сомасында ақша алу дерегі бойынша соталды тергеу жүргізіп жатыр", - делінген хабарламада.
8 шілдеде жүргізілген жедел-тергеу іс-шарасының нәтижесі бойынша Қылмыстық-процестік кодекстің 128-бабымен Көкшетау Полиция басқармасы бастығының орынбасары ұсталған.
9 шілдеде Көкшетаудың тергеу соты күдіктіге қатысты "күзетпен ұстау" түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялаған.
Қазір соталды тергеу жүргізіліп жатыр. Тергеу мүддесіне сәйкес өзге ақпарат жарияланбайтыны хабарланды.