- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- 50 миллион теңге...
50 миллион теңге бопсалаған: блогерлерге шыққан үкім күшін жойды
Солтүстік Қазақстан облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы ірі супермаркет желісінен 50 миллион теңге бопсалады деп айыпталған блогерлерді ақтаған алқабилер сотының шешімін жойды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Даудың басы неден шықты?
Бұған дейін дау туғызған сот ісі алқабилердің қатысуымен қылмыстық істер бойынша мамандандырылған ауданаралық сотта өткен еді. Сотталушылар орындығында Петропавл қаласының 33 және 35 жастағы екі тұрғыны болды.
Олар бірнеше жыл бұрын әлеуметтік желілерде парақшалар ашқан. Онда өздерінің ұялы телефонына қаладағы әртүрлі супермаркерттегі заңбұзушылықтар түсірілген суреттер мен видеоларды жариялап отырған. Оның ішінде мерзімі өткен өнімдер немесе баға белгілеріндегі бағалардың тауардың нақты құнына сәйкес келмеуі секілді суреттер болған.
Айыптауда сотталушылар "қызметкерлерді қорқытып, айыппұл туралы айтып бопсалап, кейбір тауарлардың ақысын төлемей, кассаларды жауып тастап, тіпті клиенттерге қызмет көрсетуге кедергі келтіргені, өлшеніп сатылатын кәмпиттерді алып, бір-бірімен араластырып жібергені, сондай-ақ, азаматтық соттар мен санитария қызметтеріне өтініштер жіберіп, супермаркеттерге айыппұл салынғаны" айтылады.
50 миллион теңгені кімнен бопсалаған?
Айыптау қорытындысына сүйенсек, 2023 жылғы күзде блогерлер ірі сауда желісінің әкімшілігімен байланысқа шығып, бұдан былай заңбұзушылықтар туралы ақпаратты жарияламаймыз деп, есесіне 50 миллион теңге талап еткен. Алайда супермаркет басшылығы полицияға жүгініп, кейін блогерлер сол соманың бір бөлігін алу кезінде ұсталды.
Сотталушыларға 7 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айырылу қаупі төнді. Прокурор жарыссөз кезінде айыпталушыларға 10 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады. Сотталушылар мен қорғаушы тарап оларды ақтауды сұрады. Тамызда алқабилер ақтау үкімін шығарды. Сот сотталушыларды кінәсіз деп таныды және олардың қылмыс жасағаны дәлелденбеген деп тапты.
Кейін блогерлер сот залында босатылды. Олар уақытша ұстау изоляторында он ай отырды.
Ақтау үкімімен келіспеген прокуратура апелляциялық өтініш берді, ал жәбірленуші тарап бірінші сатыдағы сот үкіміне апелляциялық шағым түсірді.
Апелляциялық сатыда қандай шешім шықты?
Апелляциялық сатыдағы сотта прокурор Шынар Елемесова бұл істі соттың басқа құрамымен қайта қарауға жіберуді сұрады, өйткені бұған дейін бірінші сатыдағы сотта алқабилер алқасын құру кезінде заңбұзушылықтар жіберілгені айтылды.
"Алқабилерді іріктеу барысында сот кандидаттарға сұрақтарға шынайы жауап беруге және анық ақпарат беруге міндетті екенін түсіндірді. Оларға мынадай сұрақ қойылды: кандидаттардың сотталған немесе қылмыстық жауапкершілікке тартылған жақын туыстары бар ма? Кандидаттарға алқабилердің міндеттерін орындауға кедергі келтіретін мәліметтерді жасыру үкімнің күшін жоюға негіз болатыны түсіндірілді", - деді Шынар Елемесова.
Сондай-ақ, сот алқабилерді іріктеу барысында оларға "процеске қатысушылар арасында таныстары бар ма? деген сұрақ қойды. Прокуратура алқабилердің бірі сотталушылардың бірінің әкесімен таныстығын жасырғанын анықтады.
"Кеңесу бөлмесінде алқаби сотталушыға қатысты басқа алқабилерде біржақты пікір қалыптастырып, сол арқылы іс бойынша түпкілікті үкім шығаруға әсер етуі мүмкін", - деп қорытындылады прокурор.
10 қазанда Солтүстік Қазақстан облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттың ақталғандарға қатысты 2024 жылғы 7 тамыздағы үкімінің күшін жою туралы шешім қабылдады.
Суреттер: Tengrinews.kz
"Қылмыстық іс алдын ала тыңдау сатысынан бастап соттың басқа құрамындағы сотқа жаңа сот талқылауына жіберілсін. Апелляциялық қаулы жарияланған сәттен бастап күшіне енді", - деді судья Ербар Қалиев.
Судья Гүлнәр Бекенова алқабилердің бірі сотталушылардың бірінің туысымен жұмыс істегенін және таныс екенін хабарлауға міндетті екенін айтты.
"Алайда ол мұны істемеді. (...) Оның алқаби ретінде қатысуы ақтау үкімін шығаруға әсер етті", - деді Гүлнәр Бекенова.
Бұған дейін СҚО-да үкімнің күші жойылған істер болды ма?
Айта кетейік, кейінгі уақытта Солтүстік Қазақстан облысы алқабилері шығарған үкімнің күші жойылуы жиіледі.
Тамызда СҚО Қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы алқабилер сотының шешімін жойып, бірқатар заңбұзушылықты анықтады. Бұл қылмыстық іс СҚО қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотына келіп түсті және соттың басқа құрамымен алдын ала тыңдау сатысынан бастап қаралады.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова