Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Астанадағы Бағдарламалар офисінің басшысы Дьердь Сабомен кездесті.
Кездесу барысында Қазақстанның ЕҚЫҰ шеңберіндегі ынтымақтастығының қазіргі жай-күйі мен алдағы перспективалары талқыланды. Г.Әбдіқалықова өзінің сөзінде 2010 жылы Астанада өткен ЕҚЫҰ саммитінің қорытындысы бойынша қабылданған «Қауіпсіздік қоғамдастығы жолында» атты Астана декларациясын жүзеге асыру Қазақстанның басты қызметтерінің бірі екенін атап өтті.
Сонымен қатар, Мемлекеттік хатшы ЕҚЫҰ-ның Астанадағы Бағдарламалар офисімен арада жолға қойылған жұмыс тетігі жергілікті жерлерде ұйымның тиімділігін одан әрі арттыра түсудің үлгісіне айналғанын жеткізді. Бұл ретте, ол жобаларды әзірлеу, үкіметтік құрылымдармен бірлесе отырып, жұмыстарды жалпы жоспарлау және оны Сыртқы істер министрлігімен үйлестіру үдерісіне көңілі толатынын білдірді. Мәселен, биыл Қазақстанның мүдделі мемлекеттік органдары ЕҚЫҰ-мен бірлескен 50 жобаны нәтижелі жүзеге асырып келеді.
Г.Әбдіқалықова қауіпсіздікке қатер төндіріп тұрған халықаралық, жергілікті және дінаралық қақтығыстардың алдын алуда Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Әлем. XXI ғасыр» манифесінің өзектілігін атап өтті. Сондай-ақ, ол Дьердь Сабоны Бес институттық реформаны іске асыру жөніндегі Ұлт Жоспарының орындалу барысы және ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығын мерекелеу аясында өтетін іс-шаралар туралы да хабардар етті. Бұған қоса, тәуелсіздік жылдарында экономика нығайып, халықтың әл-ауқаты артқанын, Қазақстан қоғамы жалпыұлттық келісім мен қоғамдық тұрақтылықтың үлгісі ретінде қарастырылып отырғанын, ал еліміз жауапты әрі құрметті халықаралық серіктес ретінде танылғанын жеткізді.
Ал ЕҚЫҰ-ның Астанадағы Бағдарламалар офисінің басшысы Мемлекеттік хатшыға жылы қабылдауы үшін алғыс айтып, ЕҚЫҰ-ның Қазақстанмен арадағы ықпалдастығы алдағы уақытта да нәтижелі әрі жемісті бола беретініне сенім білдірді.
Бұл күні тараптар Астана ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесіне ЕҚЫҰ-ның қатысу мәселесін де талқылады. Кездесу соңында Г.Әбдіқалықова Қазақстан мен ЕҚЫҰ арасындағы үнқатысу мен өзара түсіністікті нығайту жолындағы Дьердь Сабоның қызметіне табыс тіледі.
Мемлекеттік хатшымен кездесу аясында ЕҚЫҰ-ның Астанадағы Бағдарламалар офисінің басшысы журналистерге де сұхбат берді. Осыдан 6 жыл бұрын Астанада ЕҚЫҰ-ның ауқымды саммиті өткенін білесіздер. Бұл жиын өте жоғары деңгейде ұйымдастырылғаны есімде. Сол уақыттан бері мұндай деңгейдегі басқосуды өткізе алған жоқпыз. Әрине, бұл біздің алдымызда мақсат-міндеттер жоқ дегенді білдірмейді. Біздің назарымызда тұрған жауапкершілікке толы, түрлі бағыттағы жұмыстар жетерлік. Оларды ЕҚЫҰ-ның Астанадағы Бағдарламалар офисінде бірлесе атқарып, жұмыстардың нәтижелі болуына күш жұмсап келеміз, деді өзінің сөзінде Дьердь Сабо.
Д.Сабоның айтуынша, Венадағы штаб-пәтерде ЕҚЫҰ аясындағы негізгі үш бағыт – әскери-саяси, экономикалық-экологиялық, адами капитал өлшемдері бойынша атқарылатын жұмыстар әрдайым және тұрақты түрде сүзгіден өтіп отырады екен. Біздің міндетіміздің бірі – Орталық Азиядағы жастарды бір-біріне жақындату, олардың бірлесе жұмыс атқаруына ұйытқы болу. Осы орайда, біздің «Жастардың орталықазиялық желісі» деп аталатын дәстүрлі бағдарламамыз бар. Бұл бағдарламаның негізі қаланғанына 11 жыл болды. Бұл болашақ үшін қажет бағдарлама деп ойлаймын, деді бұл ретте офис басшысы. Сонымен қатар, ол ЕҚЫҰ-ның Астанадағы бағдарламалар офисі әйелдердің құқығын қорғау, олардың кәсіпкерлігін қолдау, «Жасыл» экономиканы дамыту секілді бағыттар бойынша да нәтижелі жұмыстар атқарып келетінін жеткізді.
Жалпы алғанда, сіздердің дамыған, заманауи мемлекетті қалыптастыру, жаңа елорданың тұғырын биіктету бағытындағы ұстанымдарыңыз көпшілікті қызықтырады. Қазақстанның өзекті әрі түйткілді мәселелерді шешуге деген ұмтылысын да айрықша бағалар едім, деді өзінің сұхбатында Д.Сабо.