2025 жылы 12 айда Қазақстанда 335 мың бала дүниеге келді, оның 51,5 пайызы - ұлдар, 48,5 пайызы - қыздар, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Ұлттық статистика бюросы мәліметінше, 204,9 мың сәби қалалық жерлерде, қалған 130 мың бала ауылдық жерлерде туған.
2025 жылы туудың жалпы коэффициенті - 1000 адамға шаққанда 16,43. Туудың ең жоғары коэффициенті Түркістан (1000 тұрғынға шаққанда 22,22 адам), Маңғыстау (21,40) облыстарында және Шымкент қаласында (21,76) тіркелген.
Туу көрсеткішінің негізгі үлесі 25-29 жас аралығындағы әйелдерде, яғни 27%. Сондай-ақ, 30-34 жас аралығындағы әйелдерге 26,1% тиесілі. Былтыр 20 жасқа дейінгі қыздар 10,4 мың баланы, ал 50 жастан асқан әйелдер 148 баланы дүниеге әкелген. 20 жасқа дейін босанған аналардың саны Түркістан облысында басым болса, 50 жастан асып дүниеге сәби әкелген аналар саны Алматы қаласында көп.
2025 жылы дүниеге сәби әкелген ананың орташа жасы 29,9 жас болса, алғаш рет босанған аналардың жасы - 25,3 жас.
Былтыр туған балалардың 24%-ы (79,8 мың бала) отбасының тұңғышы атанса, отбасында төртінші болып 53,5 мыңнан аса бала дүниеге келген.
2025 жылы 3 430 егіз дүние есігін ашқан, ал үшемдер саны - 26.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз