Павлодарда TAKORP қаржы пирамидасының ұйымдастырушылары салымшылардың қаражатына пәтер сатып алып, 4 депозит ашқан, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
2024 жылғы наурыз бен қыркүйек аралығында күдіктілер TAKORP қаржы пирамидасын басқарғаны анықталған, ол АҚШ-тағы жарнама платформасы ретінде қызмет еткен.
Қатысушыларды тіркеу үшін электрон криптобиржа ОКХ арқылы криптовалюта сатып алу ұсынылған. Негізгі шарттардың бірі кемінде 5 жаңа салымшы тарту болған. Бұл шартты орындау арқылы құнды сыйлық ұтып алу мүмкіндігіне кепілдік берілген.
Қаржылық мониторинг агенттігі мәліметінше, 50-ден аса азамат осы уәделерге сеніп, 30-дан 500 АҚШ долларына дейін ақша салып, өз деңгейіне қарай 2 мың АҚШ долларына дейін бонус алуға үміттенген.
"Қылмыстық кірістің жалпы сомасы 50 млн теңгеден асты. Күдіктілер салымшылардың ақшасына Павлодар қаласында 10 млн теңгеге пәтер сатып алып, банктерде 8 млн теңге сомасына 4 депозит ашқан. Сот санкциясымен жылжымайтын мүлік пен ақшаға тыйым салынды", - деп жазылған хабарламада.
Күдіктілерге үйқамақ және елден кетпеу туралы қолхат түрінде шара қабылданды.
Еске салайық, бұған дейін Астанада екі бірдей қаржы пирамидасының ісі бойынша сот үкімі шықты.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!