450 мыңға жуық бала мектепке дайындалуға көмек алады. Бұл туралы Оқу-ағарту министрлігі мәлімдеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Ведомство мәліметінше, 1 тамыздан 30 қыркүйекке дейін Жалпыға міндетті білім беру қоры аясында әлеуметтік осал санаттағы балаларға мектеп формасын, аяқ киім мен мектеп құралдарын сатып алуға көмек көрсетіледі.
2026-2027 оқу жылы қарсаңында 450 мыңға жуық бала осы көмекпен қамтылады. Осы мақсатқа жергілікті бюджеттерден 23 млрд теңгеге жуық қаражат қарастырылған.
"Көмектің ең төменгі мөлшері - бір балаға 50 851 теңге. Бұл былтырмен салыстырғанда 10 пайызға артық. Жергілікті бюджеттің мүмкіндігіне қарай кейбір өңірлерде төлем мөлшері жоғары болуы мүмкін", - деп жазылған хабарламада.
Көмек жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға, аз қамтылған отбасылардан шыққан оқушыларға, атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылардың балаларына, сондай-ақ, қиын жағдайға тап болған балаларға беріледі.
Төлемді алу үшін ата-аналар немесе заңды өкілдер тиісті құжаттарды білім беру ұйымына тапсыруы қажет.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!