- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- 5 рет пышақтап,...
5 рет пышақтап, өлтіргісі келген – Ақсайда деструктив діни ағым өкілінен қорлық көрген қыздың туыстары
Батыс Қазақстан облысында өзіне көнбеген қызды бес рет пышақтаған күдікті ұсталды. Полиция оның деструктив діни ағымның өкілі екенін мәлімдеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Туыстарының айтуынша, жұмысынан түнде шыққан бойжеткенге бейтаныс жігіт күш көрсетіп, көшеде зорламақ болған. Бірақ қыз дегеніне көнбегесін, мойны мен бетінен бес рет пышақтап, қашып кеткен. Қансыраған қыз үйіне келгесін, жедел жәрдем шақырып, полицияға хабарласады. Қазір күдікті ұсталып, қамауда отыр, бірақ туыстары оған тағылған айыппен келіспейді. Өйткені қылмыскер қорғансыз қызды пышақтап өлтірмек болған дейді.
"Өлтіргісі келді. Біз солай ойлаймыз. Өйткені мойнына, басына пышақ тығып, ол өлтіргісі келді менің сіңлімді. Полиция менің сіңлімді қорқытты: сенімен ештеме болған жоқ, жүрсің аяғыңмен, өлген жоқсың деп. Пышақтаған жігіт менің отбасым бар, балам бар деп жылаған. Аямау керек деп ойлаймын ондай адамдарды", - жәбірленушінің туысы Айгүл Әлиева.
Жәбірленушінің туыстары күдіктінің адам өлтірмек болғанына сенімді. Енді осыны дәлелдеу үшін прокуратураға шағымданбақ. Полиция дерегінше, күдікті 34 жастағы азамат.
"Тексеру жұмыстарын жүргізу кезінде ұсталған азамат деструктивті діни ағымның ұстанушысы екені анықталды. Күдікті ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 128-бабына сәйкес уақытша ұстау изоляторына қамалды. Сондай-ақ оған қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 24-бабы – 120-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды", - дейді БҚО экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкері Гүлсайран Албидақова.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!
М. Лұқпан