Галапагос аралдарында акула америкалық медбикеге шабуыл жасап, аяғынан тістеп алған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі New York Post басылымына сілтеме жасап.
АҚШ-тың 42 жастағы азаматшасы Делайя Ириарте Тынық мұхитында снорклингпен (су асты жүзу түрі) айналысу кезінде келеңсіз оқиға5а тап болды. Соның салдарынан әйел көп қан жоғалтып, ауыр жарақат алды.
"Бастапқыда бұл бір соққы сияқты болды, мен ештеңе түсінбедім. Бұрылып қарағанымда судан қанды көрдім. Мен мұның қандай жарақат екенін бірден аңғардым және көп қан жоғалтатынымды да білдім", - дейді Мексика тумасы жергілікті БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында.
Видеода әйелді қайықта аяғын шүберекпен орап алып кетіп бара жатқаны түсірілген. Сосын әскери ұшақпен жергілікті ауруханаға жеткізген, артынша ота жасалған.
"Оның жағдайы тұрақты, есін біледі, ол аяғынан айырылған жоқ", - деді Ренато Пачеко есімді дәрігер.
Әйелдің айтуынша, оған бес рет ота жасалған және 100-ден аса тігіс салынған. Шабуылдан кейін оның аяғы істемей қалған.
"Менің ойымша, оқиғаның тым жылдам болғанына байланысты миым ауырсынуды тіркеп үлгермеген", - дейді әйел.
Қазір ол АҚШ консулдығымен келіссөздер жүргізіп, эквадорлық ауруханадан үйіне қайту жолын ойластырып жатыр.
"Мұның ұзаққа созылатынын білемін, бірақ жолым болды", - дейді Ириарте.
Дәрігерлердің айтуынша, ол кейін де жүре алады, алайда қалпына келу үшін біршама уақыт және ота жасалу керек.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!