- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- 5 миллионға жуық...
5 миллионға жуық қазақстандық 42 500 теңге алды
"42 500 теңге" төлемі төтенше жағдай кезінде 4,6 миллион және карантин кезінде 2,4 миллион қазақстандықты қолдауға мүмкіндік берді. Бұл туралы ҚР Үкіметі жанындағы Қазақстанда коронавирустың таралуына жол бермеу жөніндегі ВАК хабарлады.
Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан табысты жоғалтқан жағдайда көлемі ең төменгі жалақы – 42 500 теңгеге тең біржолғы төлем көмегімен, төтенше жағдай режимі (бұдан әрі – ТЖ) кезінде 4,6 млн адамға, карантиндік шектеу шаралары қолданылған кезеңде – 2,4 млн қазақстандыққа әлеуметтік қолдау көрсетілді.
Төтенше жағдай режимі мен карантиндік шектеу шаралары кезінде табысын толық жоғалтқан жұмыс істейтін азаматтар мемлекеттік қолдаудың бұл түріне ие болды.
Олардың ішінде:
- жалақысы сақталмайтын демалыста жүрген қызметкерлер;
- жеке кәсіпкерлер;
- жеке практикамен айналысатын адамдар;
- нысанасы жұмыстарды орындау (қызметтер көрсету) болып табылатын азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар бойынша табыс табатын жеке тұлғалар;
- бірыңғай жиынтық төлемді төлеушілер болып табылатын жеке тұлғалар бар.
Төтенше жағдай режимінің әрекет ету кезеңінде (2020 жылғы 16 наурыздан 11 мамырға дейін) 322 млрд теңге сомасында 4,6 млн адамға, ал карантиндік шектеу шаралары қолданылған кезде (2020 жылғы 5 шілдеден 17 тамызға дейін) 153,2 млрд теңге сомасында 2,4 млн адамға әлеуметтік төлем тағайындалды.
Карантиндік шектеу шараларының қолданылу кезеңіне МӘСҚ-тан әлеуметтік төлем тағайындауға өтініш ағымдағы жылғы 1 қыркүйекке дейін қабылданды. Оны тағайындаудан бас тартылған жағдайда 2020 жылғы 1 желтоқсанға дейін шағымдануға болады.
Осылайша, қазіргі уақытта Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мен Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры осы әлеуметтік төлемді тағайындау туралы азаматтардың өтініштерін қайта қарау бойынша жұмысты жалғастырып жатыр.
Сондай-ақ, ҚР Премьер-министрінің орынбасары Ералы Тоғжановтың айтуынша, Қазақстандағы эпидемиологиялық жағдай тұрақты, тәуліктік өсімі 0,1%-ды құрайды.
Бүгінгі таңда КВИ жұқтырудың 86 жағдайы тіркеліп отыр. Ағымдағы жылдың 5 шілдесінен бастап науқастарды жатын орынмен қамтамасыз ету қажеттілігі 6 есеге, КВИ мәселелері бойынша жедел медициналық көмекке шақырулар саны 5,5 есеге азайды.
Науқастардың 99%-ы сауығып, жанұяларына оралды. Бұл КВИ-мен күресудің дұрыс жолы таңдалғанын және оның нақты нәтижесін көрсетеді.