Ертең Қазақстанда зейнетақы жинағының ең төменгі жеткілікті шегін есептеудің жаңа әдістемесі күшіне енеді. Осылайша 5 маусымнан бастап зейнетақы шотында қалуға тиіс соманы анықтау тәртібі өзгереді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Бұған дейін премьер-министр Олжас Бектенов тиісті қаулыға қол қойған болатын. Болашақ зейнетақы төлемін қамтамасыз ету үшін Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы (БЖЗҚ) шотта сақталуға тиіс сома туралы сөз болып отыр. Шекті деңгейден асатын қаражатты азаматтар тұрғын үй сатып алуға немесе емделуге жұмсай алады.
Жаңа әдістемеге сәйкес есептеу кезінде жас мөлшері, өмір сүрудің болжамды ұзақтығы, ең төменгі зейнетақы мөлшері, болашақ жарналар, инвестициялық кіріс және өзге де параметрлер ескеріледі.
Жаңа шекті мән 5 маусымнан бастап қолданысқа енгізіледі. Осы сәтке дейін қолданыстағы жеткілікті шектен асатын жинағы бар азаматтар зейнетақы қаражатының бір бөлігін пайдалануға өтініш бере алады.
Өтінішті enpf-otbasy.kz платформасында беруге болады. 4 маусымнан кейін жолданған өтініштер жаңа талаптар бойынша қаралады. Бұған дейін еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев жинақты тұрғын үй жағдайын жақсартуға немесе емделуге пайдалану мүмкіндігі сақталатынын мәлімдеген болатын.
5 маусымнан бастап ең төменгі жеткілікті шек жаңа формула бойынша есептеледі. Оған бірден бірнеше көрсеткіш енгізілді:
- адамның жасы;
- өмір сүрудің болжамды ұзақтығы;
- ең төменгі зейнетақы мөлшері;
- болашақ зейнетақы төлемі;
- зейнетақы активтерінің болжамды кірісі және болашақ жарналардың мөлшері.
Қарапайым тілмен айтқанда, мемлекет адамға зейнетке шыққаннан кейін қанша ақша қажет болатынын және оның шотында қазірдің өзінде қандай сома қалуы керек екенін есептейді.
Есептеу кезінде мыналар ескеріледі: адамның жасы; зейнетке шыққанға дейінгі жылдар саны; зейнетақы алудың болжамды мерзімі; ең төменгі мемлекеттік зейнетақы; болашақ зейнетақы жарналары; зейнетақы жинағының инвестициялық кірісі; төлемдер мен басқа да көрсеткіштердің жыл сайынғы өсімі.
Қаулы ресми жарияланған сәттен бастап 10 күн өткен соң, яғни 5 маусымда қолданысқа енгізіледі.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова