Әлеуметтік желіде қазақстандық Бекзат Аманжолов деген азаматтың Ұлыбританияда ұзақ мерзімге бас бостандығынан айырылуы мүмкін екенін айтқан үндеуі пайда болды. Ол instagram желісінде ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтан көмек сұрады.
Бекзат Лондонда тұрады, 2022 жылдың тамыз айынан бері құрылыста жұмыс істейді. Пәтерде тұрған Тәжікстанның (Памир) бірнеше азаматымен жанжалдасып қалған. Оқиғаның мән-жайын анықтау мақсатында Massaget.kz порталының тілшісі Бекзатпен тілдесті.
Аманжолов Бекзат Оралұлы - Аягөздің тумасы, жасы 30-да. 8 жасынан бастап Алматыда өскен. 12 жасынан бастап бокспен айналысқан. Армияда аэроұтқыр әскерінде взвод командирінің орынбасары, 35-десанттық-шабуылдаушы бригадасында қызмет еткен.
Бекзат 19 жасынан бастап, греплинг, қоян-қолтық спорт түрлеріне барған. Өзінің жастайынан спортқа жақын болғанын айтады.
"Бір жарыстарға барып, керемет нәтиже көрсетпесем де, денсаулығым үшін спортқа үйір болдым. Ата-анам 4 жасымда ажырасып кеткен. 4 жасымнан бастап әкеммен тұрдым. 20 жылдан соң анаммен кездестім. Мектепті аяқтағасын Абылайхан атындағы колледжде оқыдым, содан кейін Қапшағай гарнизонында десанттық-шабуылдау әскерінде әскери борышымды өтедім. Мамандығым ағылшын тілі бойынша педагог-аудармашы. Таразда жоғары оқу орнын сырттай бітірдім. Президенттің қауіпсіздік қызметінде қаралымда жүрдім. Сөйтіп жүріп бір беделді адамдармен таныстым. Олар маған ұсыныс жасады. Айлығы жақсы екен. Сол жақта кеттім. 2015-2019 жылға дейін жеке күзетте жұмыс істедім. Материалдық жағдайымды біршама түзедім. Анаммен кездескенде жағдайы нашар болатын. Соған бір бөлмелі үй алып бердім. Үйлендім. 2018-де қызым дүниеге келді", - дейді ол.
Бекзат 4 жылдан кейін күзет қызметінен кетіп, Нью-Йоркке барғысы келген. Шетелде жақсы ақша тауып, қызына сапалы біліп беріп, өсіру үшін кеттім, дейді ол.
"АҚШ-қа барғым келді. Бірақ ол үшін виза тарихың жақсы болу керек екен. Сол үшін отбасыммен Еуропаға барып келдік. Визаны күтіп қалдық. Осы аралықта Алматыда такси қызметінде жүрдім. Таксиде Haileybury мектебінің мұғалімімен таныстым. Сол мектептің директорына жүргізуші болдып жұмысқа орналастым. 300 мың теңге күнделікті тұрмысқа жетпеді. Сол екі ортада жұбайыммен ажырастым. Қызыммен ара-қатынасымыз жақсы. Оның балабақшасы бар, оқуы бар – қысқасы ақша керек болды", - дейді Бекзат.
Ол тамыз айында Лондонға келіп, жұмысқа орналасқан. Руслан деген досының пәтерінде тұрған.
"Досым пәтерді памирлік жігітпен бірге жалдаған екен. Бір жетіден кейін памирлік жігіт жерлесін шақырды. Пәтер иесі латыш әйелге менің тазалыққа аса мән беретінім ұнаған болуы керек. Жігіттерге деген ескертуін мен арқылы жасай бастады. Сөйтсем, памирлік жігіттер айтқан сөзімді дұрыс түсінбей, іштеріне сақтап жүріпті. Бір күні тазалыққа қатысты тағы да ескерту айттым. Барлығы осы жерден басталды. Ахмет деген жігіт асханадан пышақ алып маған қарай жүгірді. Мен оған пышақтың қауіпті екенін, адам өлімі болып басы артық проблеманың керегі жоғын айттым. Сыртқа шыққасын пышағын тартып алдым. Бір-екі рет шапалақпен ұрдым. Өз шамамды білемін. Ол жігіттің маған күші жетпейтінін де сезіп тұрмын. Спортта да армияда да өзіңнен әлсізге күш көрсетпе деп үйреткен. Әлі күнге дейін соны ұстанамын. Әлімжеттікті жек көремін. Сондықтан да ұрмадым. Сөзбен бәрін түсіндіруге тырыстым. Ақырында қол алысып, келістік. Бір-екі ай бірге тұрдық. Ол жағдай ұмытылып кетті. Бір нанды бөлісіп жейтін едік. Бәрі жақсы еді", - дейді отандасымыз.
Кейін памирлік жігіт визасының уақыты келіп Ресейге кеткен. Оның орнына басқа памирлік жігіт келген. Барлығы тағы басталған.
"Ол да тазалық сақтамай жүрді, менің заттарымды пайдаланады. Сондықтан оған да ескерту жасадым. Кейін жерлестерін үйге әкеле бастады. Пәтер иесі басында-ақ "артық адам керек емес" деп айтқан болатын. Бұл жағдайды пәтер иесі де біліп қойды. Мен де жеке заттарым барын, олар ұрланып кетуінен алаңдайтынымды айтып ескерттім. Арадан біраз күн өткесін пәтер иесі тағы да "памирлік жігіттерге айт, ыдыс-аяқты дұрыстап жуып жүрсін" деді. Мен оны Мишаға (бұл да памирден) айтамын. Аға ретінде түсіндірдім. Дәл сол кезде асүйге Сарбон (Ахметтің орнына келген жігіт) деген екінші памирлік келді. Маған жаман көзімен қарап, сыртқа темекі шегуге шығып кетті. Біраз уақыттан кейін қайта кіріп, "қанаттарын жайып": "бұл жерде не боп жатыр?" деп маған айқайлады. Менің де мінезім бар. Спортшы жігіттер намысшыл. Мүмкін қателігім болған шығар. Мүмкін қулықпен, жылы сөйлеп Сарбонның ашуын басып, осы жағдайға жеткізбеу керек пе еді. Бірақ агрессиямен айқайлап тұрғасын, қалай сөйледі солай жауап бердім. Екеуіміз жағадан ұстасып қалдық. Маңдайын мұрныма тіреп, тұрғасын басынан итеріп жібердім. Содан соң мені ұра бастады. Жігіттер араға түсіп тоқтатты. Маған 5-6 рет жұдырығы тиіп кетті. Содан соң мен де қарап тұрмадым. Бір-екі рет ұрған едім мұрны сынды", - дейді ол.
Бекзаттың айтуынша, әу бастан памирліктер бұған кек сақтап жүріпті. Ахметтен кейін де оның жерлестері қоңырау шалып, оны қорқытпақшы болған.
"Ахмет барлығын ішіне сақтап, кектеніп жүріпті. Бұл да соған байланысты жағдай екені кейін білдім. Бірақ бір нәрсенін айта кеткім келеді, ұлтараздық ештеңе болған жоқ. Ешкім-ешкімді ұлтын жамандап, боқтаған емес. Тек жігіттер арасындағы жағдай ғана. Аудиотаспада бәрі жазылған. Кейін маған Сарбонның інісі хабарласты. Ағасы үшін жекпе-жекке шығам деді. Мен дайын екенімді айттым. Бірақ кейін сөзінде тұрмай полициямен келемін деді, сосын жігіттермен келетін болды. Оның бәрін аудитаспаға жазып алдым. Аузына келген оттады", - дейді Бекзат.
Осы жағдайдан соң түнгі екілер шамасында памирлік 5 жігіт Бекзатқа келетінін айтқан.
"Мен олардың не үшін келе жатқанын біліп, қалтама екі асүй пышағын салып алдым. Өйткені олардың жабылып ұратынын сездім. Өзімді қорғауым керек еді. Намысым жібермей барады. Руслан деген досым бірге шықты. Олар Миша екеуі жолдың шетінде меннен алыстау тұрды. Олар келместен бұрын Мишаға: "артық проблеманың керек емес екенін, жаңа телефонда сөйлескен жігітпен, оңаша барып сөйлескім келетінін, жігіттерше төбелесу керек болса, жекпе-жекке шығатынымды" айттым. Осы сөздерімді жеткіз дедім. Олар Мишаны тыңдамады", - дейді ол.
Бекзаттың айтуынша, памирлік жігіттер қолдарына таяқ, темір ұстап келіп, сөзге келмей бірден шабуылға шыққан. Алдымен жанжалға қатысы жоқ досы Русланды ұрып құлатқан.
"Мен қорғанып жүргенде оны байқамай қалдым. Досымның жан даусы шыққасын солай қарай жүгірдім. Барып төпелеп ұрып жатқан жерінен ажыратып алдым. Бәлкім сол кезден қалтамнан пышақ шығарған болуым керек. Ол жағы есімде жоқ, бірақ бір нәрсені анық білемін. Олар менің досымды және мені жабылып ұрғаннан кейін ғана өзімді қорғау үшін суық қару пайдаландым. Біреуді өлтірем деген ойым да болмады. Жеке күзетте қызмет еткеннен кейін пышақпен қалай жұмыс істеу керегін білемін. Сондықтан адам өміріне қауіп төнбейтіндей етіп етті жерінен, денесін тіліп жібердім. Памирліктер сол кезде ғана тоқтады. Жедел жәрдем шақырды. Үйге келіп заттарымды жинап шығып кеттім. 18 жасымнан бастап мені спортқа баулыған жанашыр ағам Азамат Тілеулесовке хабарласқан едім, ол "Ұлыбританиядағы Қазақстан елшілігіне бар" деп кеңес берді. Таңертеңге дейін күтіп, елшімен кездестім", - дейді ол.
Елшіліктен кейін Бекзат Қазақстанға қайтпақшы болған. Бірақ оны ұшаққа отырар кезде полиция ұстаған.
"Жеке камерада 24 сағат ұстады. Елшілікке алғысым зор. Олар маған қолдан келген көмегін берді. Түнде Мерей Қуандықов келіп жағдайымды біліп кетті. Ұлыбритания үкіметі берген тегін адвокат тергеуге дайындады. Тергеушілер камераға түсіп қалған видеомызды көрсетті. 15-20 секундтың бейнеде бір жігіт үй қорғанынан ағаш суырып алып жатқаны көрініп тұр. Менің "араларыңда жігіт бар ма, жекпе-жекке шығайық?!" деген даусым да жазылып қалыпты. Тергеушілер "ағаш суырып алып жатқан сен бе?" деп сұрады. Сол кезде ғана адвокат менімен жеке сөйлесетінін айтты. Тергеушілер кеткесін қорғаушыға оның мен емес екенімді айттым. Содан кейін адвокат қорғанғанымды дәлелдеу үшін оларға қарсы менің атымнан арыз жазды. Осы жағдайлардан соң телефон, құжаттарымды алып, босатты", - дейді ол.
Бекзаттың айтуынша, осы жағдайдан соң ол қазақ халқынан көмек сұрап, президентке үндеу жолдаған.
"Енді 27 ақпанда қайтып барамын. Егер адвокат сол уақытқа дейін менің кінәсіздігімді дәлелдей алмаса, полиция орталығы шешім қабылдап, менің ісімді сотқа өткізеді. Дәл қазір бірдеңе деп айту қиын. Қазір істі сотқа жеткізбеу үшін жұмыс істеп жатырмыз. Памирлік жігіттердің жағдайы жақсы, өмірлеріне қауіп төніп тұрған ештеңе жоқ. Қазір мен полиция шарты бойынша сол жерде болған ешкіммен байланыс орната алмаймын. Пәтеріме де баруға құқығым жоқ. Қазір басқа жерде тұрып жатырмын", - дейді жерлесіміз.
Бекзат Лондонда қорғаушы қызметі өте қымбат екенін айтады. Оның есебінше адвокат жалдауға 15 мың (8 млн 633 тг) фунт-стерлингтей ақша керек.
"Әлия деген деген қазақ заңгері адвокаттың нақты қанша тұратыны белгісіз деп отыр. Бірақ қымбат екені айдан анық. Адвокатпен бірге құжаттарды жинайтын заңгерді де жалдау керек екен. Сондықтан маған ақша болса ойланбай қымбат адвокат жалдау керек екенін, барлығы қорғаушыға байланысты шешілетінін айтып жатыр. Сондықтан мен қазақ халқынан көмек сұрадым", - дейді ол.
Бекзат Тоқаевқа үндеу жасағанымен үкімет тарапынан ешқандай жауап болмаған. Бірақ олар бәрінен хабардар болып отыр дейді.
"Лондондағы қазақ бауырлар көмектесіп жатыр. Мұндағы қазақтарға да алғысым зор. Түрмеден шығуыма да солар көмек берді. Мұнда Рауан Қайыржан деген ағам магистратурада оқып жатыр. Армияда танысқан едік. Сол кісі де көп көмегін берді. Түрмеден шыққанда үйіне апарды. Қазір басқа пәтерге шықтым. Оның ақшасын қазақ жігіттері төлеп берді", - дейді Бекзат.
Қазір Бекзат ақша жинап жатыр. Қазақтарға алғысым зор дейді.
"Қазір 6 миллион теңгедей жиналды. Оның барлығын алдағы уақытта есебін жазып, салып отыратын боламын", - дейді ол.
Бұл жағдай бойынша Ұлыбританиядағы Қазақстан елшілігіне хабарластық.
"Иә, бұл жағдай туралы біз хабардармыз. Аманжолов Бекзат Оралұлы туралы нақты мәліметті ҚР Сыртқы істер министрлігінің Халықаралық ақпарат комитетіне ресми түрде сауал жасап білуге болады. Аталған ҚР азаматына Елшілік тарапынан мүмкін болған көмектің барлығы көрсетілді", - деген хабарлама алдық.
Massaget.kz порталы алдағы уақытта Бекзат Аманжоловтың ісін бақылайды.