- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- 5 жастағы баланы...
5 жастағы баланы балабақшадан шығарып жіберу заңды ма? Аймағамбетов жауап берді
Бұрынғы оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов 5 жастағы баланы мәжбүрлі түрде балабақшадан шығарып жіберу заңсыз екенін айтты. Бұл туралы ол Telegram-арнасында жазды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"Кейінгі бір айда менің "жекеме" шығып, көп адам сұрақ қойып жатыр. Мәселен, мектепалды даярлық сыныбына немесе 1-сыныпқа баруы үшін 5 жастан бүлдіршінді балабақшадан мәжбүрлеп шығару қаншалық заңды деген сұрақ. Бірден айтайын, бұл заңсыз. Бұған дейін де біз бірнеше рет түсіндірме берген едік және заңға тәуелді актілерде де тиісті нормалар бар. Бірақ жергілікті атқарушы органдардағы кейбір шенеуніктер заңнаманы дұрыс түсіндіре/ түсіне алмай отыр. Нақты жауап бала 6 жасқа дейін балабақшада тәрбиелене алады", - дейді Аймағамбетов.
Депутат өзіне жазған ата-ананың мысалын келтірген.
"Міне, маған жазып отырған ата-анадан нақты мысал. Бала желтоқсанда ғана 6-ға толады, сондықтан ата-анасы баланы қыркүйекте мектепке жібермеу туралы шешім қабылдады. Өйткені қыркүйекте 6 жасқа әлі толмайды. Бұл жағдайда бала келесі жазға дейін әлбетте балабақшада қала алады. Немесе басқа жағдай, бала қаңтарда 6-ға толады екен, енді оны сол қаңтар немесе ақпан айынан бастап балабақшадан шығарып тастайсыз депті. Сонда бала мектепке дейін 8 ай бойы қайда болады? Бұл да заңға қайшы, ол баланы жазға дейін балабақшада тәрбиелеуге болады. Алдыңғы жылы министрлік тарапынан ресми түсініктемелер берген болатынбыз, сәйкесінше мұны реттейтін министрдің бұйрықтары да бар. Қазір де министрлік тиісті ақпаратты беріп жатыр", - деп жазды депутат.
Еске салайық, бұған дейін бұрынғы оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов грант ұтып алмағандарға арналған көп мүмкіндік бар екенін айтқаны хабарланған еді.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова