Жезқазғанда 5 жасар бала тізгіндеген көліктің салдарынан 5 адам зардап шеккен еді. Көлікте анасымен бірге отырған бала тежегішті тартып қалған. Бұл оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Жезқазғанға қонаққа келіп, ауруханадан бір-ақ шыққан Гүлнар Сүлейменова - сол күні ең қатты зардап шеккендердің бірі. Қаражал қаласынан келген ол мейрамханадан шыға бергенде, көлік қаққан. 7 қабырғасы сынып, ішкі мүшелеріне зақым келген.
"Тарс еткізді, есімді білмеймін. Қазір жағдайым жақсы, дәрігерлер жақсы қарап жатыр. Қасымызда төрт адам, олардың жағдайы да жақсы. Бала ғой байқамай қалды, тежегішті тартып қалған, ішінде жүргізуші болмаған", - деді Гүлнар Сүлейменова.
5 жасар баланың шалалығынан тағы 4 адам түрлі дене жарақатын алды. Барлығы тұрғылықты мекен жайы бойынша амбулаториялық ем қабылдап жатыр.
"3 әйел әртүрлі жарақатпен түсті. Барлығына тиісті көмек көрсетіліп, тұрғылықты жеріне жібердік. Арасында 2018 жылғы бала да бар. Ол бас жарақатын алған. Жағдайы жақсы. Ауруханаға жатқызылған тұрғынға ота жасалмады, қазір бақылауымызда", - деді облыстық көпбейінді аурухана директорының орынбасары Шахрух Юлдашев.
Осы оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалды. Полицияның мәліметінше, иесі көлікті тұраққа дұрыс қоймаған. Сараптама тағайындалды. Көліктің тежегішін тартып қалған баланың жағдайы жақсы. Ата-анасы психологтың көмегіне жүгінбеген. Іс бойынша кінәсі расталса, көлік иесі 7 миллион теңге айыппұл арқалайды немесе 2 жылға бас бостандығынан айрылуы мүмкін.
Еске салайық, бұған дейін Жезқазғанда 5 жасар бала тізгіндеген көлік тұрғындарды қағып кеткені хабарланды.
Жандос Бақытұлы
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!