5 айдың пәтерақысы. Қазақстанда iPhone 14 орнына не сатып алуға болады?

5 айдың пәтерақысы. Қазақстанда iPhone 14 орнына не сатып алуға болады?
Фото: © apple.com

8 қыркүйекте Apple жаңа iPhone 14-ті таныстырды. АҚШ-та жаңа смартфон сатыла бастағанымен, Қазақстанға қашан келетіні әзірге белгісіз. iPhone 14 Қазақстанға орта есеппен 1 миллион теңгеден сатылады деп есептесек, бұл бағаға ұялы телефонның орнына елімізде не алуға болады? Massaget.kz тілшісі анықтады.

Жаңа смартфонның ресми бағасы 799-999 доллар аралығында. Бұл теңгеге шаққанда 380 мың мен 473 мың аралығында. Қазақстанға келгенде және жадына қарай бағаcы әртүрлі болатынын ескерсек, орта есеппен бір миллион теңге деп аламыз. Айта кетейік, былтыр Apple компаниясының сайтында iPhone 13 Pro Max 1 TB смартфонының бағасы 938 719 теңгеден болған.

Ең алдымен, Қазақстанда бұл бағаға қандай азық-түлік, көкөніс не жеміс сатып алуға болатынын есептеп көрейік. Барлығы орта есеп бойынша алынып, есептеледі. 

Мысалы картоп 138-450 теңге аралығында. Егер орта есеппен картоп 295 теңгеден деп алсақ, бір жаңа айфонның құнына 3390 келі картоп алуға болады. Сонымен қатар, 6666 келі сәбіз, 5235 келі пияз (жуа) және 2298 келі қырыққабат сатып алсаңыз болады. 

iPhone 14 орнына асүйге қажет техниканың бәрін сатып алуға болады. Мысалы, біздің есептеуімізше, тоңазытқыш (орташа бағасы - 300 мың теңге), ыдыс жуғыш машина (180 мың), газ плитасы (150 мың), мультипісіргіш (120 мың), микротолқынды пеш (40 мың), блендер (35 мың), шырынсыққыш (50 мың), электр шәйнек (20 мың) келеді.

Қоғамдық көлікпен жүретін болсаңыз, 80 теңге жолақысымен 11 733 рет автобусқа отыра аласыз. Ал өз көлігіңіз болса, 5 494 литр АИ-92 маркалы жанармай құюға болады.

Қазақстанда жалақының ең төменгі мөлшерi - 70 000 теңге (2023 жылдан бастап). Жалақысы осындай адамдар жаңа iPhone алғысе келсе, 14 ай бойы айлығын жинауы керек.

Сонымен қатар, бұл сомаға екі адам шетелге демалып қайта алады. Мысалы, елдегі туроператорлар ұсынған бағаға қарасақ, екі адам Грузияға, Мысырға, Түркия, Дубайға 6-7 күндік турмен бір реттен барып қайта алады. Сонымен қатар, бір рет Мальдив аралдарына баруға мүмкіндік бар. 

Егер жалдамалы пәтерде тұрсаңыз, жаңа iPhone 14-тің орнына бірнеше айдың пәтерақысын төлеп алуға болады. Мысалы пәтер құны орта есеппен айына 200 мың деп есептесек, бес айдың пәтерақысын төлеп қойсаңыз болады. 

Одан бөлек, көлік те сатып ала аласыз. Мысалы kolesa.kz мәліметінше, бұл бағаға ВАЗ-2114 маркалы көлігін сатып ала аласыз. 


ВАЗ-2114. Фото: kolesa.kz

Сонымен қатар, бір миллион теңгеге 1988-1993 жылдары шыққан B3 үлгілі Volkswagen Passat сатып ала аласыз. 


Фото: kolesa.kz

Еске салайық, жаңа iPhone 14 спутникке қосылады. Компания iPhone 14-ке SOS жағдайында спутниктік желіге қосылуға мүмкіндік беретін арнайы бағдарламалық жасақтаманы әзірледі.

Егер сіз жүрген аймақта байланыс болмай қалса, телефонды спутникке қарай көтерсеңіз (гаджет қайда көтеру керегін көрсетеді) қысқа хабарлама немесе геолокацияңызды жібере аласыз.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

С. Сатыбалдина