5 адамның бір әйелді жабылып, аяусыз ұрып-соққан сәті видеоға түсіп қалды

Шу облысындағы Маевка ауылында бес адам әйелдің жеке үйіне баса-көктеп кіріп, аяусыз ұрып-соққан сәті видеоға түсіп қалған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі 24.kg агенттігіне сілтеме жасап.

Адвокат Шердор Әбдіқапаровтың айтуынша, шабуыл осы жылдың 13 сәуірінде болған. Оқиғадан кейін жәбірленуші Аламүді аудандық ішкі істер бөліміне арызданып, 10 күн бойы ауруханада емделген.

"Сәуір айында бес адам үйіме заңсыз кіріп, мені ұрып-соқты. Аламүді аудандық ішкі істер бөліміне арыз жаздым. Бұл істі тергеуші Мақсат Асранқұлұлы басқарғанымен, шабуыл жасағандар оның таныстары болғандықтан істі жауып тастағалы отыр. Алты айдан бері іс қаралмаған. Олар сот-медициналық сараптаманың қорытындысын жоймақшы. Ол үшін комиссиялық сараптама тағайындады", – дейді жәбірленуші Таңсұлу Қалықова.

Жәбірленуші іс сотқа өтпей жатқанын атап өтті. Тергеушілердің әрекетсіздігінен Таңсұлу Қалықова Ішкі істер министрлігіне жүгінгенімен, олар көмектеспеген. Адвокат Шердор Әбдіқапаров "Бұзақылық" бабы бойынша қозғалған іс екі айдың ішінде сотқа жеткізілуі тиіс екенін айтады.

"Тергеу сәуір айында басталғанымен, әзірге материалдар сотқа берілген жоқ. Бес күдікті бар. Олар тіпті 48 сағат қамауға алынған жоқ. Әлі еркіндікте жүр. Сондай-ақ "Жеке меншік аумаққа кіру" деген бап бар ғой", - деді адвокат.

Осы оқиғаға түсініктеме бере отырып, Ішкі істер министрлігі Таңсұлу Қалықова 13 сәуірде полицияға жүгінгенін айтты.

Аталған дерек Аламүді аудандық ішкі істер басқармасына тіркеліп, Қырғыз Республикасы Қылмыстық кодексінің 280-бабы "Бұзақылық" бойынша қылмыстық іс қозғалды. Оқиғаның барлық мән-жайы анықталып, барлық қатысушылардан жауап алынды.

Тергеу барысында сот-медициналық сараптама тағайындалып, қорытынды шығарылған.

"Бір тарап сот-медициналық сараптаманың қорытындысымен келіспей, іс бойынша комиссиялық сот-медициналық сараптама тағайындады. Қазіргі уақытта комиссиялық сот-медициналық сараптама жүргізілуде, нәтижесі әлі дайын емес", - деді полиция департаменті.
 

Еске сала кетейік, осыған дейін Астанада тұрғындар аула сыпырушысын педофил деп айыптағанын хабарлаған едік.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз