490 млн теңгенің схемасы: Астанада екі бірдей қаржы пирамидасының ісі бойынша сот үкімі шықты

490 млн теңгенің схемасы: Астанада екі бірдей қаржы пирамидасының ісі бойынша сот үкімі шықты
Фото: Midjourney

Астанада "Жұлдызай" және "Аяулым" қаржы пирамидаларын ұйымдастыру ісі бойынша сот үкімі шықты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Істің мән-жайы

Тергеп-тексеру ісін Қаржылық мониторинг агенттігінің Астана қаласы бойынша департаменті жүргізген. 

Тергеу барысында күдіктілер өздерін әлеуметтік желілерде табысты кәсіпкерлер ретінде таныстырып, азаматтарға тендерлерге қатысу арқылы тез табыс табу схемасын ұсынғаны анықталды.

"Инвестицияның ең төменгі сомасы 1 млн теңгеден басталып, 40 күн ішінде ұсынылған табыс 90%-дан асатыны айтылған. Сонымен қатар, салымшылар әр жаңа тартылған қатысушы үшін жарнасынан 10% қосымша пайда алған. Нәтижесінде қаржы пирамидасына 60 адам тартылып, жалпы шығын 490 млн теңгеден асқан", - деп жазылған хабарламада.

Күдіктілердің бірі салымшылардың қаражатына елордадағы премиум санаттағы құны 69,5 млн теңге тұратын пәтер сатып алып, кейін қайын енесіне ресімдеген. Алайда соталды тергеу басталғанын білген соң мүлікті жасыру мақсатында үшінші тарапқа рәсімдеп үлгерген. Дегенмен тергеу барысында бұл мәміле жалған екені дәлелденіп, сот санкциясымен мүлікке тыйым салынды. Тергеу барысында күдіктілер жәбірленушілерге 72 млн теңге көлемінде шығынды өтеді.

Сот үкімі

Сот үкімімен қаржы пирамидасының ұйымдастырушылары ҚР ҚК 217-бабы 3-бөлігінің 2-тармағы (Қаржы пирамидасын құру және басқару), ал күдіктілердің бірі қосымша ҚР ҚК 218-бабы 1-бөлігі (Қылмыстық жолмен алынған ақшаны заңдастыру) бойынша кінәлі деп танылды.

Оларға 5 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

Қылмыстық жолмен алынған қаражатқа сатып алынған пәтер мен автотұрақ тәркіленіп, жәбірленушілердің азаматтық талаптарын өтеу үшін берілді.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget