- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- 48 баласы бар...
48 баласы бар қостанайлық ерлі-зайыпты нені армандайды?
Қостанай облысындағы Лисаков қаласында 48 баласы бар отбасы тұрады. Ерлі зайыпты 45 бала асырап алған, үшеуі өз балалары, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "Хабар 24" телеарнасына сілтеме жасап.
Олардың алды студент атанып, жоғары оқу орнында оқып жатса, кенжесі 3 жаста. Қазір бұл үйден 32 бала мектепке барады. Рустам мен Гуля Шүкіровалардың бар арманы – балаларына дұрыс тәрбие беріп, оларды өсіріп, жеткізу.
"Бала тәрбиесінде ертеден қалыптасқан дәстүріміз бар ғой. Соны ғана ұстанамыз. Ата-ананы сыйлау, үлкенге құрмет, кішіге ізет білдіру. Қамыққанға қамқор, жабыққанға жанашыр болу. Бірінші кезекте осы құндылықтарды саналарына сіңіруге тырысамыз", - дейді Рустам Шүкіров.
Рустам мен Гуля да көпбалалы отбасында өскен. Алғаш 1998 жылы Лисаковтағы жетімдер үйінен Гуля бірден 7 баланы алып шыққанда Рустам қарсы болмапты. Одан кейін жыл сайын қосылып, бала саны 48-ге жетіпті. Олардың үшеуі – өз балалары есейіп, ер жеткен.
Рустам – жеке кәсіпкер. Сауда орталығы бар. Бұрын сатып алған 5 қабатты үйдің екінші қабатында бала-шағасымен тұрады.
"Жеке коттедж учаскеміз де бар. Сиыр, қой, ешкі, тауық, үйрек ұстаймыз. Туған 2 балам соның басында. Басқалары да сол жаққа барғанды қызық көреді", - дейді Рустам Шүкіров.
Ал Гуля үй шаруасында. Бау-бақша баптап, ас мәзірін дайындап, балаларға қарау – күнделікті тірлігі. Әрине, бойжеткен қыздары көмектеседі. "Біреуі сырқаттанып қалса, алаңдап, ұйықтамайтын кездерім болады" дейді.
"Бұрын аздау болғанда әр туған күнді жеке атап өтетінбіз. Қазір ай сайын 7-8 туған күннен келеді. Сондықтан әр айдың бір күнін таңдап алып, қосып тойлаймыз. Бір-бірімізге сыйлықтар жасап, тәтті тоқаш, бәліштер пісіреміз", - Гуля Мансұрова.
Қазір 48 баланың сегізі – студент. Біреуі ақылы оқиды. Алдағы 2 жылда тағы 12 баласы мектеп бітірмек.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
М. Лұқпан