Синоптиктер 27 шілдеде Қазақстанның бірқатар өңірінде ауа райына байланысты ескерту жариялады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Елдің шығыс және солтүстік-шығыс өңірлерінде ауа райы қолайсыз болады.
Шығыс Қазақстан облысында түнде және күндіз жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Кей жерлерде нөсер жауын, бұршақ және дауылды жел күтіледі. Облыстың солтүстігінде түнде және таңертең тұман түсуі мүмкін. Желдің екпіні кей жерлерде секундына 23 метрге дейін жетеді.
Өскеменде де күндіз жаңбыр жауып, найзағай ойнап, қатты жел соғады.
Абай облысының солтүстігі, шығысы мен оңтүстігінде жаңбыр, найзағай, бұршақ және дауылды жел күтіледі. Солтүстік-батыстан соғатын желдің екпіні секундына 23 метрге дейін жетуі мүмкін.
Семейде жаңбыр жауып, найзағай ойнап, жел күшейеді.
Павлодар облысының батысы, оңтүстігі мен шығысында жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Бұршақ пен дауылды жел болуы ықтимал.
Павлодарда да таңертең және күндіз жауын-шашын түсіп, жел күшейеді.
Қарағанды облысының шығысында жаңбыр, найзағай және бұршақ күтіледі. Бұл аумақта желдің жылдамдығы секундына 15 метрге дейін жетеді.
Жетісу облысының шығысы мен таулы аудандарында өткінші жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Жел екпіні секундына 17-22 метрге дейін күшейеді.
Алматы облысының таулы аймақтарында жауын-шашын түсіп, найзағай ойнауы мүмкін.
Осындай ауа райы Іле Алатауының таулы бөлігінде, соның ішінде Алматының Медеу және Бостандық аудандарында да күтіледі.
Жамбыл облысының таулы аудандарында өткінші жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Жел екпіні секундына 23 метрге дейін жетеді.
Шаңды дауыл мен қатты жел
Батыс Қазақстан облысында өткінші жаңбыр жауып, найзағай ойнайды, бұршақ пен дауылды жел болуы мүмкін.
Өңірдің батысы мен оңтүстігінде шаңды дауыл күтіледі.
Оралда да найзағай ойнап, желдің екпіні секундына 20 метрге дейін күшейеді.
Ақтөбе облысының оңтүстігінде шаңды дауыл болады. Желдің жылдамдығы секундына 18 метрге дейін жетеді.
Ақтөбеде өрт қаупі жоғары деңгейде сақталады.
Қызылорда облысының солтүстігі, оңтүстігі және орталық бөлігінде шаңды дауыл күтіледі. Желдің жылдамдығы секундына 20 метрге дейін жетеді.
Түркістан облысының солтүстігі мен батысында шаңды дауыл болады. Таулы асуларда жел екпіні секундына 25 метрге дейін күшейеді.
Шымкент пен Түркістанда да қатты жел соғады.
Маңғыстау облысында 27 шілдеде Ақтау қаласында оңтүстік-шығыстан соғатын желдің екпіні секундына 15 метрге дейін жетеді.
Ұлытау және Солтүстік Қазақстан облыстарында да жел күшейеді.
Солтүстік Қазақстан облысында түнде және таңертең кей жерлерде тұман түсуі мүмкін.
Аптап ыстық күшейеді
Қатты ыстық бірқатар өңірде сақталады.
Қызылорда облысында ауа температурасы +40...+42 градусқа дейін көтерілсе, Қызылорда қаласында +41 градус болады.
Түркістан облысы мен Түркістан қаласында ауа температурасы +40...+41 градусқа дейін жетеді.
Ұлытау облысында +35...+38 градус, ал Жезқазғанда шамамен +35 градус ыстық күтіледі.
Қостанай облысында ауа температурасы +35...+37 градусқа дейін көтерілсе, Қостанайда +36 градус болады.
Ақмола және Алматы облыстарында, сондай-ақ Қонаев қаласында +35 градусқа дейін ыстық күтіледі.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!
Massaget.kz