46 ел Мәскеуді халықаралық құқықты бұзды деп айыптады

Еуроодақ, АҚШ және тағы қырықтан аса мемлекет Ресей дрондарының Польша әуе кеңістігін бұзып кіруіне байланысты БҰҰ-да Варшава жасаған мәлімдемеге қосылды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі DW-ға сілтеме жасап.

Ортақ мәлімдемені БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің Нью-Йорктегі шұғыл отырысы алдында Польшаның Сыртқы істер министрінің орынбасары Марчин Босацкий оқыды. Құжатта Мәскеу халықаралық құқық пен БҰҰ Жарғысын бұзды деп айыпталып, Ресейге "Украинаға қарсы соғысты тоқтатуға" және жаңа арандатушылықтан бас тартуға шақыру жасалған.

Барлығы 193 мүше мемлекеттің ішінен 46 ел және Еуроодақ делегациясы бұл мәлімдемеге қол қойды.

10 қыркүйекке қараған түні кемінде 19 ресейлік дрон Польша шекарасын кесіп өткен. Ұшқышсыз аппараттарды ұстап қалу үшін Польша авиациясымен қатар НАТО-ға мүше басқа елдердің жойғыш ұшақтары да тартылды. Варшава Ресей Польшаны әдейі нысанаға алды деп мәлімдеп, НАТО одақтастарымен кеңес сұрады. Бұл – Украинадағы соғыс басталғалы Ресей дрондары НАТО елі аумағында атып түсірілген алғашқы жағдай.

АҚШ президенті Дональд Трамп ресейлік дрондардың Польшаға кіруі "қателік болуы мүмкін" деп топшылады. Ресей Қорғаныс министрлігі болса, "Польшадағы нысандарды атқылауды жоспарламағанын" мәлімдеді.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!