45 жылдық мерейтой. “Тамаша“ театры қайта жаңғыра ма?

"Тамаша" театры биыл 45 жылдық мерейтойын тойлатып жатыр. Айтулы мерекеге орай елімізде "Тамаша" тарихын таспалаған сериал жарық көріп, Алматы төрінде үлкен концерт қойылды. Республика сарайында өткен мерекелік жиында эстрада жұлдыздары мен аңызға айналған өнер майталмандары төбе көрсетті. Massaget.kz тілшісі "Тамашаның" келешегі жайлы театр актерлерімен сұхбаттасты. 

"Тамаша тартуы" және сериалы

Концерт жарты ғасырға жуық тарихы бар "Тамаша" театрының аңыз тұлғаларының естелік таспаларымен шымылдығын ашты. Қазақстанның халық әртісі Лұқпан Есенов және белгілі сатирик Құдайберген Сұлтанбаевтың сахнада қойған көріністерін халық бейнежазба арқылы қайта еске алды. Артынша "Тамашасын" сағынған халық мерейтойға орай түсірілген "Тамаша" сериалының актерлерімен танысты. 

сурет: Александр Павский/ Kazinform

Жақында желіде "Тамаша" театрының тарихы жайлы "Тамаша" көркем сериалы жарық көрген болатын. 10 сериалы кинотуындыда театрдың құрылу тарихы мен қалыптасу жолы көрсетіледі. Сериалдан Құдайберген Сұлтанбаев, Тұңғышбай Жаманқұлов, Лидия Кәденова, Данагүл Темірсұлтанова, Уәйіс Сұлтанғазиннің жас кездерін көруге болады. Онда жас актерлер "Тамаша" театры әртістерінің рөлін сомдады.

Құдайберген Сұлтанбаев рөлін Ерлан Қасымжанұлы, Данагүл Темірсұлтанованы Бақытгүл Серікбаева, Лидия Кәденованы Айкерім Тасыбек, Гүлбаушан Тілеубекованы Гоги Дәрібаева, Тоқсын Құлыбековті Толағай Қарасаев, Уайс Сұлтанғазинді Жанат Тінбаев, Мейірман Нұрекеевті Кенен Ақүрпеков, Лұқпан Есеновті Алдабек Шалбаев, Қайсар Дәрібаевты Мухамедсаид Багашаров, Ақтоты Сағынованы Дильназ Қуанышева, Мэлс Оспановты Сырым Қашқабаев ойнады. 

Тамаша тарландары сахна төрінде

Кеш тізгінін Бауыржан Орда мен Ләйлә Сұлтанқызы ұстады. Жүргізушілер сахнаға "Тамаша" театрының құрамында болған Тұңғышбай Жаманқұлов, Лидия Кәденова, Гүлбаушан Тілеубекова, Данагүл Темірсұлтанова сынды өнер саласының қайраткерлерін шақырып, олардың театр туралы естеліктерін тыңдады.

сурет: Александр Павский/ Kazinform

Сондай-ақ театрдың үздік сатиралық қойылымдарынан миниатюра көрсетілді. Көрермен оған қоса театрдың алтын қорында сақталған естелік бейнежазбаларды тамашалады.

сурет: Александр Павский/ Kazinform

Халықтың сүйіктісіне айналған "Аққу-Гәккуі" Гүлбаушан Тілеубекова мен Данагүл Темірсұлтанова "Құдағилар" қойылымын қойып, жұртты күлкіге қарық қылды. 

сурет: Александр Павский/ Kazinform

сурет: Александр Павский/ Kazinform

Одан бөлек, мерекелік концерт барысында "Дос-Мұқасан", Роза Рымбаева, Толқын Забирова, Парвиз Назаров, Мәдина Сәдуақасова, Бүркіт пен Аиша, "Жігіттер тобы" және өзге де эстрада жұлдыздары өз өнерлерін паш етті. 

Театр жастар құрамымен қайта құрыла ма?

"Тамаша" театрының актері, қазіргі көркемдік жетекшісі Нұржан Тутов "Тамашаның" болашағы жайлы жоспарларын бөлісті. 

"Тамаша" - аты аңызға айналған театр. Ол жастар құрамымен қайта құрылуы керек. Қазір заман өзгеріп жатыр ғой. Сол ағынға ілесуіміз керек. Әзіл-ысқақ театры бұл миниатюра жанры. Жанр ретінде де жаңа заманда өз форматын табуы керек. Жаңа таланттар, жаңа актерлер келсе, "Тамашаны" халық ыстық ықыласпен қабылдайды деп сенемін", - деп жауап берді ол. 

сурет: Александр Павский/ Kazinform

Ал театрдың тағы бір актері Дархан Пірназаров қазір жаңа құрамды жасақтауға жұмыс істеп жатқандарын айтты. 

"Тамашаның" негізін қалаған, "Тамашаны" "тамаша" деңгейіне жеткізген үлкен ағаларымыздың көбі дүниеден өтіп кетті. Қалған орта буын өкілдері, мінеки, жұмыс істеп жатырмыз. Қазір осы нәрсені жоспарлап жатырмыз. Алдағы уақытта кастинг болады. Актерлерді іріктеп, театр құрамын жаңаша жасақтайтын боламыз. Жастарды тәрбиелейтін боламыз. Қазір әзіл де жеңілдеп бара жатыр. Жайдарман, КВН деген сынды жобалар жастарды жеңіл әзілге үйір етті. Біз дұрыс тәрбие бере алсақ, жеңіл әзілден көбі жалығып, астарлы әзілге ден қоятын болады", - деп жауап берді ол. 

Суреттер авторы: Александр Павский/ Kazinform

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!