Қазақстанның Ұлттық қауіпсіздік комитеті 45 жастағы шетелдік Уильямс Коул (Williams Cole) не себепті іздеуге жарияланғанын түсіндірді. Бұл туралы ақпарат бүгін Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу органдарының порталында пайда болды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
ҰҚК баспасөз қызметі Tengrinews.kz редакциясының сауалына берген жауабында ер адамға Қазақстанның мемлекеттік шекарасын заңсыз кесіп өткені үшін халықаралық іздеу жарияланғаны хабарлады. Оған қатысты іс Қылмыстық кодекстің 392-бабы бойынша қозғалған.
Қазақстан шекарасын өткізу бекеттерінен тыс жерлер арқылы, жалған немесе өзгенің құжатымен, сондай-ақ, белгіленген тәртіпті өзге жолмен бұзып, қасақана заңсыз кесіп өткендер Қылмыстық кодекстің 392-бабының 1-бөлігі бойынша жауапқа тартылады. Бұл бапқа сәйкес, кінәлі адамға 2 000 АЕК-ке дейін (8 650 000 теңге) айыппұл салынуы немесе үш жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалуы мүмкін. Бұдан бөлек, шекараны заңсыз кесіп өткен шетел азаматы немесе азаматтығы жоқ адам міндетті түрде Қазақстаннан шығарылады.
Уильямс Коул Қазақстан шекарасын қандай мақсатпен заңсыз кесіп өткені әзірге хабарланған жоқ.
Іздестіру ісі Өзбекстан және Қырғызстанмен шектесетін Түркістан облысында тіркелген. Алайда бұл шетелдік Қазақстанға екі елдің бірінен келді деген сөз емес.
Еске салайық, биыл жазда Қазақстанда Латвия азаматы Алесандрс Макейчикс іздеуге жарияланған еді. Іздестіру хабарламасындағы мәліметке сәйкес, ер адам биыл 71 жасқа толады.
Сондай-ақ, бұған дейін Қазақстанның Ішкі істер министрлігі Түркия азаматын іздеуге жариялағаны хабарланған болатын.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!