"Қазгидромет" синоптиктері 15, 16 және 17 мамырда Қазақстанда қандай ауа райы болатынын болжады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Мезгіл басында Иран аймақтарынан келетін жылы ауа массалары Қазақстанның көп бөлігінде ыстық әрі жауын-шашынсыз күн райын сақтап тұрады. Күндіз термометр бағандары оңтүстік өңірлерде 35-44 градусқа дейін, солтүстік, орталық және шығыс өңірлерде 35-37 градусқа дейін көтеріледі. Абай мен Ұлытау облыстарының оңтүстігінде, сондай-ақ Қарағанды облысында 40 градусқа дейін өте қатты ыстық күтіледі.
Алайда 16 мамырда батыс, солтүстік-батыс және солтүстік өңірлерге атмосфералық фронттардың әсері тиіп, найзағайлы, бұршақты жаңбыр жауады. Маңғыстау облысында қатты жаңбыр болуы мүмкін.
"17 мамырда Қазақстанның көп бөлігінде найзағайлы, бұршақты жаңбыр жауады. Кей өңірлерде қатты жауын мен дауылды жел болады. Соған байланысты елдің солтүстік бөлігінде күндізгі температура 18-28 градусқа дейін төмендейді. Дегенмен, оңтүстік аймақтарда 43 градусқа дейінгі ыстық сақталады", – деді синоптиктер.
Бұған дейін "Қазгидромет" мамыр айында қазақстандықтарды қандай ауа райы күтіп тұрғанын мәлімдеген. Синоптиктердің айтуынша, көктемнің соңғы айында ауа температурасы еліміздің көп бөлігінде климаттық нормадан 1 градусқа жоғары болады.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!