- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- 44 елді аралаған...
44 елді аралаған блогер алғаш рет шетелге қалай шыққанын айтты
44 елді аралаған блогер және психолог Динара Болат "Мамский әңгіме" подкастына берген сұхбатында алғаш рет шетелге қалай шыққанын айтып берді, – деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Блогер алғаш рет шетелге декреттік демалыста шыққанын айтты.
"Декреттік кезеңде ешкім сені елемейді, өзіңді ешкімге керек емес секілді сезінесің. Ауа жетпей жүр. 30 жасқа толдым, балам 3 жасқа жақындаған кезі. Әкем туған күніме үстіне ақша қосып, гауһар тасы бар сақина ал деп 100 мың теңге берді. Мен әкеме маған қазір гауһар тас көмектеспейтінін, ренжімесе, үстіне ақша жинап, шетелге шыққым келетінін айттым. Себебі маған ауа қажет болды және жағдайды ауыстыру керек болды. Декреттік депрессия кезінде әйелдер неше түрлі қателіктерді де жасайды, өсу жолына да түседі. Декретте өзімді толық, онша емес сезінген кезде өзіме күшті киімдер сатып ала беріппін. Ол күшті киімдерді кез келген нәрсеге киіп шығады екенсің. Қызымды үйірмеге апаруға сықиып киініп баратынмын. Алайда қымбат киімдер жаныңды емдемейді және көмектеспейді. Содан сол киімдердің бәрін саттым. Барлығы – 500-600 мың теңге ақша жинадым. 5 күнге Еуропаға ініммен бардым. Інім "арзан жерде тұрдық, бәрін асығып істедік, келесіде сенімен бірге бармаймын" деді. Қазір енді көп саяхаттағасын түсінемін, ол кезде барғаным, тіпті саяхат болған жоқ, бір жерден екінші жерге жүгіру ғана болды. Бірақ сол кезде оған да қуандым. Келіншектерге айтарым, алысқа болмаса да, қала сыртына, тауға, орманға шығып, таза ауа жұтып, ағаш құшақтап, шөпті жалаң аяқ басып келіңіздерші. Ол терапия", – деді психолог.
Динара Болат саяхаттауға арналған арзан елдер бар екенін, алайда саяхаттау жылдан жылға қымбаттай беретінін атап өтті.
"Арзан елдер бар. Әрі қарай саяхаттағың келу үшін алғашқы саяхат жақсы өтуі керек, бірінші әсер бұзылмауы керек. Ол үшін ол әдемі, сені таңғалдыратын елдер болуы керек. Мысалы, маған көрші Өзбекстан жаңалық болды. Оған қоса ол – жақын және қолжетімді ел. Бірақ саяхат жылдан жылға қымбаттайды. Жолақысы, билеттер, тамақ – бәрі жыл сайын қымбаттайды. Әсіресе ковидтан кейін бәрі бірден қымбаттап кетті. Сондықтан саяхаттауды бастай беру керек. Жылдан жылға өмір арзандамайды, кепілдік жоқ, тек қымбаттайды. Сондықтан неғұрлым ерте бастаған дұрыс. Жас кезде елді аралау мүлдем бөлек. Оны да ескеру керек. Ал үлкейген сайын көп қорқыныштар пайда болып, қиындай береді", – деп кеңес берді блогер.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
А. Жапатова