- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "42 рет". Тоқаев...
"42 рет". Тоқаев БҰҰ сессиясында қай сөзді көп айтқан?
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өткен аптада БҰҰ Бас Ассамблеясы 77-сессиясына қатысты. Президент сессия жалпы дебатында бірқатар мәселені көтерген. Massaget.kz тілшісі Тоқаев қай сөзді жиі айтқанын іздеді.
Тәуелсіз. Тоқаев өз сөзінде "тәуелсіз" деп екі рет айтқан. Бірі - Ауғанстандағы жағдайда, екіншісі - тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуы мен нығаюына БҰҰ зор үлесі жайында.
Қазақстан. БҰҰ-дағы сөзінде Тоқаев Қазақстан деп 26 рет айтқан. Оның ішінде Қазақстан ізгі ниет жолында бәрімен ынтымақтастық орнатуға дайын екеніне, елімізде президент және парламент сайлауы өтетініне тоқталған.
Астана. Мемлекет басшысы "Астананы" бір жерде ғана атап өтті. Астанада өтетін Саммитте АӨСШК толыққанды халықаралық ұйымға айналатынына сенім білдірген. Елорда мен Нұр-Сұлтан сөздері болмады.
Ядролық қару. Тоқаев Қазақстан ядролық қару сынақтарынан көп зардап шеккенін де айтып өтті. Жалпы, ядролық қару деген тіркесті 7 рет айтқан. Оның бәрінде ядролық қаруды таратпау мәселесіне тоқталған.
Бейбіт. Президент "бейбіт" не "бейбітшілік" сөзін 6 рет пайдаланыпты. Тоқаев бұл сөзге келгенде мемлекеттердің территориялық тұтастығы, діни толеранттық, диалог пен мәселелерді бейбіт жолмен шешу маңызды екенін атап өтті.
Пандемия. Тоқаев COVID-19 пандемиясына да тоқталды. Бұл сөзді екі рет айтқан. Оның айтуынша, пандемия биологиялық қауіп-қатерлерді басқаруға және азайтуға бағытталған шұғыл шаралар қабылдау керегін көрсеткен.
БҰҰ. Қасым-Жомарт Тоқаев жиында БҰҰ сөзін 14 рет айтыпты. Онда БҰҰ аясында бекітілген құндылықтарға тоқталған екен.
Адам. Тағы бір жиі айтылған сөз - "адам". 9 рет айтқан. Адам өмірі, қадір-қасиеті, адам капиталы деген тіркестер жиі айтылған.
Экономика. Президент өз сөзінде экономикаға да жиі тоқталды. Бұл сөзді 10 рет айтқан. Экономикалық оқшаулануға әкелген текетірестер, экономикалық санкцияларды сөз етіті.
Біз. Ал Тоқаевтың ең көп айтылған сөзі "біз" екен. Қазақстан елінің атынан сөйлеген соң "біз" дегенді жиі айтыпты - 42 рет.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Е. Төлеш