Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов 42 500 теңге үшін қылмыстық жазаға ешкім тартылмайтынын ашып айтты.
- Соңғы 4-5 күн бойы желілерде, қоғамда 42 500 теңгені алғаны үшін қылмыстық тұрғыдан жазалайды екен деген әңгіме көп тарауда. Бұған қатысты заңгерлеріміз де өз пікірлерін айта бастаған.
Бірде-бір адам 42 500 теңгені алғаны үшін, тіпті жіберген қатесі үшін қылмыстық жазаға тартылмайды. Оған негіз жоқ. Осыған нүкте қояйық.
Біз неге тексермейміз? Себебі бұл - әлеуметтік төлем. Төтенше жағдай орын алмаса да, бізде халықтың басым бөлігінің табысы аз. Жалақының мөлшері төмен. Зейнетақы мен жәрдемақы көп емес. Сондықтан көпшілік осы төлемді алсам ба деген. Біз жаппай ешкімді тексеріп жатпаймыз. Сізге берілді ме, жаратыңыздар, - деді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі.
Министрдің айтуынша, тұрақты жұмысы бар, тұрақты жалақысы бола тұра 42 500 теңге әлеуметтік төлем алған адамдардың әрекеті ғана заңды бұзу болып саналады.
- Ал енді жұмыс берушілерге мәжбүрлі ақысыз демалысқа шықпай, тұрақты жұмысы жүріп тұрған, тұрақты жалақы алып жүргендер алса, бұл заң бұзушылыққа әкеліп соғады. Ол - дұрыс емес. Бұл жерде де ол мемлекеттік сақтандыру қорынан төленіп жатыр, сондықтан мемлекеттік сақтандыру қоры 42 500 теңгеден басқа мүгедек жандарға, асыраушысынан айырылған жанұяларға, жұмысынан айырылғандарға, баланы бір жасқа дейін күтіміне байланысты төлемдер, декреттік демалыс дейміз, 126 күнге жүкті болуына және кейін босанғаннан кейін төлемдерді төлеп келе жатыр. Сондықтан сол қаражатқа жауапты болған соң ол кісілерде, әрине, бұйрық жоқ. Ақысыз демалысқа жіберілмегендерге сұрау жасайды да қайтаруды талап етеді кейін. Тағы да қайталап айтамын, тек жалдамалы қызметкерлер, ақысыз демалысқа шықпағандарға сұрақ бар. Олар заңсыз алған", - деп түсіндірді Біржан Нұрымбетов ОҚК брифингінде.
Қазірге дейін төтенше жағдайдың салдарынан өздерінің табыстарынан айырылған азаматтарға арналған әлеуметтік төлемдер 3 миллион 960 мың адамға тағайындалып, 157 миллиард теңге берілген.