Украина президенті Владимир Зеленский кейбір елді мекендер азат етілгенін мәлімдеді. Ал НАТО ұйымы Украинаны әлі де қолдайтынын айтты. Massaget.kz тілшісі Украинадағы кейінгі жағдайға шолу жасады.
Украинаның оңтүстігінде 41 елді мекен босатылды - Зеленский
Украина президенті Владимир Зеленский әскер елдің оңтүстігіндегі 41 елді мекенді босатқанын мәлімдеді. Украиналық саясаткер бейнеүндеуінде оңтүстік бағыттағы әскери жетістіктер туралы айтты.
"Бүгін оңтүстіктен жақсы жаңалық бар. Қуанғанымызбен, бұл қозғалыс не білдіретінін қазір әрі мәңгі есте сақтауымыз керек. Қорғаныс күштеріміздің әрбір қадамы - украиналықтардың бостандығы үшін берілген өмір", - деді ол.
Киев Ресей Херсонды "жоюды" жоспарлап отырғанын айтты
Украина президенті Владимир Зеленский Мәскеудің Украинаның оңтүстігіндегі Херсон қаласынан әскерді шығару туралы мәлімдемесіне күмән келтірді. Зеленский түнгі бейнеүндеуінде Украинаның кез келген жетістігіне тек "украиналық батырлардың өмірі есебінен" қол жеткізілетінін айтты.
"Ресей Херсонды өлім қаласына айналдырғысы келеді. Ресей әскери күштері қолдағының бәрін миналайды: пәтерлер, кәріз құбырлары. Сол жағалаудағы артиллерия қаланы қиратуды жоспарлап отыр", - деді Зеленскийдің кеңесшісі Михаил Подоляк.
АҚШ әскери көмекке 400 миллион доллар бөлетінін жариялады
Ақ үй Украинаға әуе қорғанысы жүйелерін қамтитын 400 миллион долларлық жаңа әскери көмек пакетін жариялады. Ақ үйдің Ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі Джейк Салливан бұл пакетте Hawk әуе қорғанысы жүйелеріне арналған зымырандар, сондай-ақ, Stinger зымырандарымен жабдықталған америкалық Avenger әуе қорғанысы жүйелері сияқты құралдар барын айтты.
Пентагон мәлімдемесіне сәйкес, пакетке жоғары мобильді артиллериялық зымыран жүйелеріне (HIMARS) және басқа қару-жарақ жүйелеріне арналған қосымша оқ-дәрілер, 400 граната атқыш, 100 жоғары мобильді, көп мақсатты, дөңгелекті көлік (HMMWV), кедергілерді жоюға арналған жабдықтар және суық ауа райына арналған қорғаныс құралдары кіреді.
Испания Украинаға тағы екі әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйесін жібереді
Испания Украинаға тағы екі HAWK зенит зымыран жүйесін жібереді.
"НАТО-ның өтініші бойынша екі қосымша ұшыру қондырғысы жіберіледі", - деді қорғаныс министрі Маргарита Роблес.
Ол министрлік келесі аптадан бастап 64 украиналық әскер Испанияның Орталық Толедо қаласында жарылғыш заттарды өшіру, минадан тазарту және ату бойынша оқудан өтетінін хабарлады.
Министрлік мәліметінше, Испания екі айда 400-ге жуық украиналық сарбазды оқытуы керек.
Ресей қатты қысымға ұшырады - НАТО басшысы
НАТО-ның бас хатшысы Йенс Столтенберг Херсонның айналасындағы жағдайға байланысты Ресей қатты қысымға ұшырады деп санайды. Бас хатшы Солтүстік Атлантикалық альянс Мәскеудің әскерді шығару туралы өтінішін ескеріп, аймақтағы жағдайдың дамуын бақылауды жалғастыратынын атап өтті.
"Біз алдағы күндері жергілікті жерде жағдай қалай өрбитінін көруіміз керек. Бірақ бір нәрсе анық, Ресей қатты қысымға ұшырап отыр. НАТО Украинаны қанша қажет болса, сонша қолдайды", - деді ол.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!