40 жыл күткен жол: Маңғыстаудағы ауылға алғаш рет асфальт төселді

40 жыл күткен жол: Маңғыстаудағы ауылға алғаш рет асфальт төселді
Фото: Видео кадры

Маңғыстау облысы Бейнеу ауданындағы Сыңғырлау ауылына 40 жылда алғаш рет асфальт төселді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі 24.kz арнасына сілтеме жасап.

Елді мекен Өзбекстанмен шекаралас аумақта, Бейнеуден 25 шақырым, Ақтаудан 490 шақырым қашықта орналасқан. Көрші мемлекетке көлікпен бір-бір жарым сағатта жетуге болады.

100-ге жуық түтіні бар ауылдың барлық көшесіне асфальт төселді. Қазір жол белгілері орнатылып жатыр.

"40 жылда алғаш рет асфальт төселіп отыр. Жолымыз тегіс, көлікпен жүрудің өзі бір рақат. Бәріміз ризамыз, бүкіл ауыл болып қуанып жатырмыз. Газымыз да, жарығымыз да бар", – деді ауыл тұрғыны Сәндігүл Тәжімова.

Сыңғырлау екі бағыттағы жолдың торабында орналасқан. Оның бірі Өзбекстан шекарасына апарса, екіншісі – құрылысы жүріп жатқан "Бейнеу – Сексеуіл" тасжолы.

Асфальт төселгеннен кейін ауылда көлік қозғалысы да жандана түсті. Биыл жазда мұнда асхана, хостел, балалар ойын алаңы мен бассейні бар жол бойындағы қызмет көрсету кешені іске қосылды.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Massaget.kz
Logotype Massaget