40 жыл бойы ат үстінде жүріп, жұртқа көмектескен: Қытайда ұлты қазақ дәрігер марапатқа ие болды

40 жыл бойы ат үстінде жүріп, жұртқа көмектескен: Қытайда ұлты қазақ дәрігер марапатқа ие болды
Фото: CCTV

Бүгін Қытай астанасы Бейжіңдегі Халық жиналысы сарайында Қытай Коммунистік партиясы құрылғанына 105 жыл толуына арналған салтанатты жиын өтті. Іс-шара барысында Қытай Коммунистік партиясы Орталық комитетінің бас хатшысы, ҚХР төрағасы әрі Орталық әскери кеңестің төрағасы Си Цзиньпин мемлекет пен қоғамның дамуына ерекше үлес қосқан бірқатар адамға ең жоғары марапат - "1 шілде" орденін табыстады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі 24.kz-ке сілтеме жасап. 

Биыл мұндай жоғары марапатқа сегіз адам ие болды. Олардың қатарында қазақ ұлтының өкілі, дәрігер Ухас Сүлеймен де бар.

Қытайдың ресми бұқаралық ақпарат құралдары мәліметінше, Ухас Сүлеймен - шекаралық өңір тұрғындарының денсаулығын қорғауға бар өмірін арнаған дәрігер. Ол 40 жылдан аса уақыт бойы ат үстінде жүріп, дәрі қобдишасын серік етіп, аптап ыстық пен қақаған аязға қарамастан жайлау мен киіз үйлерді аралап, жергілікті халыққа медициналық көмек көрсетіп келеді.

Ухас Сүлеймен Қытайдың Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданындағы Тарбағатай аймағына қарасты Шәуешек өңірінің Дөрбілжін ауданы мал шаруашылығы ауруханасында ішкі аурулар бөлімінің бас дәрігерінің орынбасары болып қызмет атқарған. Ол 1975 жылдан бері 100 мыңнан аса науқасты емдеп, ауыр хәлдегі науқастардың өмірін сақтап қалуға атсалысқан.

Сонымен қатар, 3200-ден аса нәрестенің дүниеге келуіне көмектескен.

Айта кетейік, телеарна мәліметінше, Ухас Сүлеймен - осы жоғары марапатқа ие болған алғашқы қазақ ұлтының өкілі.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget