40 жасында он бірінші баласын дүниеге әкелген: алматылық дәрігерлер әйелді аман алып қалды

Алматылық дәрігерлер 11 баланың анасы мен оның жаңа туған қызын аман алып қалды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Қала тұрғыны 40 жасында он бірінші сәбиін дүниеге әкелген. Ол қызы дүниеге келуіне бір жарым айға жуық уақыт қалғанда үй ауласындағы баспалдақтан абайсызда құлап қалған. Әйелдің іші ауырып, құрсағындағы сәбиінің де қимылы өзгерген. Дәрігерлер бала жолдасы мерзімінен бұрын ажырағанын және геморрагиялық шок болғанын анықтаған.

Акушер-гинекологтар жүктіліктің 34-аптасында шұғыл кесарь тілігін жасаған. Осылайша, салмағы 1835 грамм болатын қыз бала дүниеге келген.

Отадан кейін әйел акушер-гинекологтар мен реаниматологтардың бақылауында тағы сегіз күн болған. Ал нәресте неонатологтардың бақылауында жансақтау бөлімінде жатқан. Кейін шала туған балаларға арнайы көмек көрсетілетін Балаларға шұғыл медициналық көмек көрсететін орталыққа ауыстырылған.

Туғанына 15 күн болғанда сәби үйіне шығарылған.

"Ол - отбасындағы он бірінші сәби. Әйелдің бұған дейін 10 баласы бар. Үлкені 20 жаста, кішісі бір жастан енді асқан. Он бірінші жүктілігі де алдыңғылары секілді еш асқынбай, 34-аптаға жеткен", - деді дәрігерлер.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!