4 трлн теңге: Қазақстандықтар зейнетақы қорындағы қаражатын қайда жұмсады?

4 трлн теңге: Қазақстандықтар зейнетақы қорындағы қаражатын қайда жұмсады?
Фото: gov.kz

2021 жылдан бастап Қазақстан азаматтарына Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы салым мөлшері "жеткілікті шектен" асқан жағдайда бір бөлігін алып, пайдалануға рұқсат берілді. Massaget.kz тілшісі Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына ресми сауал жолдап, осы уақытқа дейін қанша өтініш түскенін, қандай мақсатта жұмсалғанын анықтады.

Ресми жауап бойынша, осы уақытқа дейін тұрғындардан түскен 2,1 млн астам өтініш орындалған. Зейнетақы қорына өтініш берушілер тұрғын үй жағдайларын жақсартуға және емделу ақысын төлеуге 4 трлн теңгеден астам соманы пайдаланған. 

"1 тамыздағы жағдай бойынша тұрғын үй жағдайларын жақсарту бойынша 1 608 347 өтініш орындалды. Өтініші мақұлданғаннан кейін уәкілетті оператор-банктер олардың арнайы шоттарына 3,5 трлн теңгеден аса қаржы аударды", - делінген хабарламада.

Осы уақытқа дейін салымшылар зейнетақы жинақтарын бірнеше мақсатта пайдаланған. Олардың ішінде көпшілігі тұрғын үй сатып алу мақсаты бойынша өтініш берген.

"Барлық өтініштердің шамамен 32,35% - азаматтық-құқықтық мәмілелер бойынша меншікке тұрғын үй сатып алу (түпкілікті есеп айырысу), 22,3% - тұрғын үй құрылыс жинақ
ақшасына одан әрі жинақтау үшін салымды толықтыру, 16,86% - ипотекалык тұрғын үй
қарызы бойынша берешекті ішінара өтеу (оның ішінде ислам банкінің қаржыландыруы
шеңберінде), 16,8% - тұрғын үй құрылыс жинақтары жүйесі бойынша ипотекалық қарыз
бойынша берешекті ішінара өтеу және т.б. мақсаттарға жұмсалған", - делінген хабарламада.

Сондай-ақ, БЖЗҚ емделуге ақы төлеу үшін жалпы сомасы 501,9 млрд теңге болатын 544 595 өтінішті
орындаған.

"Өтініштердің 96,76 пайызы стоматологиялық қызмет алу үшін, 2,36 пайызы офтальмологиялық қызметтерді алу бойынша,  1 пайыздан сәл аз бөлігі басқа медициналық бағыттарға пайдаланды", - делінген хабарламада.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!

А. Жайыққызы