- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- 4 пайызбен автокөлік...
4 пайызбен автокөлік алу: қазақстандықтар не білуі тиіс?
Биыл 16 мамырда жеңілдетілген автонесиеге өтініш қабылдау басталды. Артынша бірнеше автокредит рәсімделгеннен кейін 14 шілдеде банктер автонесие беруді тоқтатты. Бұған дейін биыл қарашадан бастап өтінім қабылдау басталуы мүмкін екені хабарланған болатын. Қазақстандықтар асыға күтіп жүрген бағдарлама туралы не білу керек? Massaget.kz тілшісі анықтап көрді.
Қазақстандағы жеңілдетілген автонесие шарттары қандай?
Бағдарлама шарты бойынша, кез келген қазақстандық 4 пайызбен несиеге 10 миллион теңгеден аспайтын бағаға көлік ала алады. Бастапқы жарна 0 пайыздан басталады. Несие 7 жылға дейін беріледі. Жалпы жеңілдетілген автонесиеге 100 миллиард теңге жұмсау жоспарланып отыр.
10 миллион теңгеден қымбат көлік таңдауға бола ма?
Бағдарлама бойынша 10 миллион теңгеге дейін несие қарастырылған. Ал көлік 10 миллионнан қымбат болса, 1-2 миллионды өз қалтаңыздан төлеп, несие рәсімдеуге болады. Өте қымбат көліктерге жеңілдетілген автонесие берілмейді. Көлік құралының құны 15 миллион теңгеден аспауы тиіс. Бұл туралы Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Марат Қарабаев айтқан.
Несие кімге және қандай шарттар бойынша беріледі?
Жеңілдетілген автонесиені рәсімдеу үшін Қазақстан Республикасының азаматы болуы керек. Клиенттің жасы 21-ден асуы қажет. Тұрақты айлық табысы ресми дәлелденуі міндетті. Әрбір екінші деңгейлі банк өз клиентін жеке қарайтынын білген дұрыс. Оның ішінде тұтынушының несие тарихы, табыс көзі және тағы да басқа шарттар міндетті түрде қаралады.
Бағдарлама бойынша қандай көлік маркалары бар?
Негізі жеңілдетілген автонесие бойынша мына көліктер түседі: Chevrolet, Hyundai, Škoda, JAC, KIA, Lada және Renault. Дегенмен, бұл көліктердің барлық маркасы қолжетімді емес, осының ішінде 10 миллионнан асып кетпейтіні ғана саудада болады. Қазір әлемдік экономикалық ахуалға байланысты көптеген көлік бағдарламадан шығып қалуы мүмкін.
Әзірге 10 миллион теңгеге дейінгі жеңілдікпен автонесиелеудің жаңа бағдарламасы бойынша сатып алуға болатын автокөліктер тізімі мынадай:
Жеңілдетілген автонесиені қанша қазақстандық алды?
Сарапшы әрі Тәуелсіз автомобилистер одағының (ТАО) төрағасы Эдуард Эдоков Tengrinews.kz тілшісімен әңгіме барысында орташа статистикалық қазақстандықтың жеңілдетілген автонесие бағдарламасына қатысу мүмкіндігін бағалаған болатын.
"Бір қарағанда, бөлінген 100 миллиард ғажайып сома болып көрінуі мүмкін. Шындығында, бір қазақстандыққа орта есеппен 10 миллион теңге бөлінетінін ескерсек, бұл бағдарлама 10 мыңға жуық көлікке ғана жетеді. Қазақстандағы көліктерге деген сұранысқа келер болсақ, былтыр нарықта 120 мың жаңа көлік, оған қоса, менің ойымша, 500-600 мыңдай ескі көлік сатылды. Осы 10 мың көлік қазақстандықтардың көлікке деген нақты сұранысын қанағаттандыра ала ма?", - деген еді сарапшы.
Соңғы мәліметтер бойынша, 100 миллиардтың 90 миллиард теңгесіне несие берілген. Бағдарлама аясында 11 825 өтінім қабылданған.
Бағдарлама көлікке дефицитті арттырып жібермей ме?
Эдуард Эдоков анонсқа дейін Қазақстанда автосалондарда көлік алуға деген кезек көп болғанын еске салды. Оның ойына, бағдарлама қосылса автокөлік алу одан да қиындай түседі.
"Энергия тасығыштар мен металл бағасының өсуі, электр чиптерінің тапшылығы, логистика мәселелері, пандемиядан кейінгі афтершоктар - мұның бәрі бүкіл әлем бойынша автомобиль өндірісіндегі осы негізгі проблемалардың барлығы ешқайда кеткен жоқ, ал оған енді көліктердің ай сайын бағасы өсіп, тапшы болатыны да қосылады", - дейді ол.
Жеңілдетілген көлік несиесі не үшін керек?
Қаржыгер Нұрмұхамед Маманов Tengrinews.kz тілшісіне берген сұхбатында несиенің бұл түрі ескірген көлік үлесін азайту үшін қажет екенін айтқан.
"Жеңілдетілген автонесие Қазақстан нарығына керек басты механизмдердің бірі екені белгілі. Неге десеңіз, оның арқасында еліміздің көлік нарығындағы бірнеше мәселені оңай шешуге болады. Мысалы, Қазақстандағы 100 көліктің 64-і ескірген, яғни бұл өз кезегінде экологияның нашарлауына және жол апатының көбеюіне әкеліп соғады. Енді осы ескі көліктердің нарықтағы үлесін азайту үшін жеңілдетілген автонесие бағдарламасы таптырмас мүмкіндік болып тұр", - дейді ол.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
С. Сатыбалдина