- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- 4 облыс бюджет...
4 облыс бюджет қаржысын тиісті деңгейде игере алмай отыр - Смайылов
Жоғары аудиторлық палатаның төрағасы Әлихан Смайылов 4 облыс бюджет қаржысын тиісті деңгейде игере алмай отырғанын айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Мәжілістің жалпы отырысында Қазақстан Үкіметінің және Жоғары аудиторлық палатаның 2023 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есебі тыңдалып жатыр. Әлихан Смайылов салада шешімін таппаған мәселелер барын ашық айтты. Оның ішінде бюджет қаржысының тиімді игерілуі.
"Жергілікті атқарушы органдарға өңірдегі міндеттерін шешу үшін дербестік берілді. Дегенмен трансферттердің орталық деңгейде жоғары игерілуі жекелеген жағдайда өңірлерде төмен нәтижелігін көрсетіп отыр. Нысаналы трансферттерді жалпы сипаттағы трансферттер базасына беру есебінен өңірлерге берілетін субвенция шамамен 5 триллион теңге болды. Олар соңғы 3 жылда 2 еседен артық өсіп отыр. Нысаналы транферттерді шамамен 2 триллион теңге болды. Оның орындалуы едәуір жоғары – 98 пайызы. Ал іс жүзінде қалай? Бюджеттік тәртіп төмен деңгейде. Тек 4 өңірде Абай, Жетісу, Ұлытау және Алматы облыстарында жүргізіліген аудит нәтижесінде бюджеттік инвестициялық жобалардың 27 пайызында құрылыстың нормативті мерзімінің сақталмағаны анықталды", - деді төраға.
Тіпті, өңірлерде кейбір жобалар іске асуы 10 жылға жуық мерзімге созылған.
"Уақытында аяқталмаған жобалардың 60 пайызынан астамы қымбаттағаны анықталды. Инженерлік және инфрақұрылымдық маңызды жобаларды іске асыру кезінде өңірлердің сылбырлығы неге алып келетінін әлі анықтау керек. Осы 4 өңірде орындалмаған жұмыс көлемі үшін шамамен 3,4 миллиард теңгеге төлем жасалған.
Өңірлерде өте маңызды және қажет объектілердің мақсатына сай пайдаланылмау деректері тіркелді. Мысалы, Семей қаласында өрт қауіпсіздігі талаптарының сақталмауы салдарынан жанар-жағармай станциясына жақын орналасқандықтан 2023 жылы 1,7 миллиард теңгеге салынған орталық қазандығы пайдаланылмай тұр.
Жезқазған қаласында құрылысты тоқтату салдарынан 2023 жылы шамамен 600 млн теңге салынған тұрғын үйге әлі күнге дейін ешкім қоныстанбаған. Мұны тек сылбырлық деп айта аламыз", - деді Әлихан Смайылов.
Сондықтан бюджеттік инвестициялық жобаларды іске асыру кезінде тәртіп орнату керек.
"Жобалардың орындалу мерзімін ұзарту олардың қымбаттауын шектеу керек. Жобаларды жоспарлаудан бастап, оларды іске асырудың басталуына дейінгі мерзімді қысқартқан жөн", - деді төраға.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
А. Есен